ҰБТ-дан 1 ұпай алған студент желіні жарды

0

ҰБТ-дан 1 балл алған бала TikTok желісінің жұлдызына айналды. Түлектің есімі Ерасыл Уәлиев. Желі қолданушыларының пікірі “ақылды”, “ақымақсың”, “әдейі жасалынған” деп үшке бөлінуде. Кейін ол бұл жағдайдың нақты себебін түсіндірді.

«Қазір 11-сынып оқушыларының бәрі «Грантқа түсеміз» деп, ҰБТ тапсырып жатыр. Жоғары балл алғандар, әрине, бас киімін аспанға лақтырып қуанып жатыр да, ал төмен алғандар не істеп жатыр? Депрессияда жатыр. Біреулер тіпті «Өміріме нүкте қойылды, енді не істеймін?» деп ойлап жатыр, бірақ мен сіздерге айтайын: «ҰБТ-мен өмір тоқтап қала ма?» Жоқ. Әрине, жоқ. Не үшін? Мысалы, Американың экс-президенті Дональд Трамп мектеп кезінде сабақты дұрыс оқымапты. Сол сияқты Билл Гейтс, ол да дұрыс оқымаған. Барлығымыз ұстап жүрген телефон — iPhone. Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс та сабақты дұрыс оқымаған. Оның ата-анасы тіпті ол баланы университетке жіберу үшін төлеп, артынан қуған, бірақ бала бәрібір «Оқымаймын» деп, бірінші сессиядан кейін «ұшып», кетіп қалған ғой, бірақ олар оқымаса да, өмірде жетістіктерге жете алды. Сол үшін сіздер уайымдамаңыздар. Өмірде жетістікке жету үшін ҰБТ-ның балы ешқандай рөл ойнамайтынын дәлелдегім келіп тұр. Сондықтан өзіме берілген мүмкіндікті пайдаланып, алдағы уақытта барша адамға «ҰБТ-ның балының арқасында емес, тұрақтылық пен дисциплинаның арқасында көп, биік-биік белестерге қалай жететінімді көрсетпекшімін», — деді ол.