ҰБТ-да тағы өзгеріс | «Айқын» газеті

0

Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген екі өзгерісті хабарлады. Біріншісі: жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту аясында мемлекеттік білім гранттары білім бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Екінші жаңалық: талапкер жылдың үш мезгілінде де ҰБТ тапсырып оқуға түсе алады.

Әуелі, бірінші өзгеріс жөнінде: бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында маман­дықтардың нақты тізімі көрсетілген классификатор пайдаланылды. Ал жаңа жылдан бастап маман­дықтардың нақты тізімі емес, мамандарды даярлау бағыты көрсетіледі.
«Осыған орай, мемлекеттік білім гранттары білім бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал «Ақпарат­тық технологиялар» тобына «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» енеді. Яғни, білім грант­тарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандық бойынша емес, білім бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік грант ұтып алған талапкер жоғары оқу орнына таңдаған білім бағдарламасы бойынша тіркеліп, құжаттарын тапсыру кезінде өзі таңдаған мамандық бойынша білім алады» делінген хабарламада.
Екінші жаңалыққа сәйкес, биылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Қаңтар, наурыз, тамызда өтетін тестілеуді тапсыру арқылы талапкер ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. Ал мемлекеттік білім грант конкурсына қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуы тиіс. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсу үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез келгеніне қатысып, шекті балл жинаса жетіп жатыр.
Ескерер жайт, 2019 жылы ҰБТ форматында ешқандай өзгеріс болмайды. Талапкер дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, мате­матикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тест тапсырады.

Айдана БЕГІМ

Дереккөз: Айқын