ҰБТ-да 140 балл жинаған жалғыз түлек үздік атанудың құпиясымен бөлісті
Stan.kz тілшісі биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеуде 140 балға қол жеткізген жалғыз талапкер Қасымжан Жұбаймен кездесіп, үздік көрсеткішке жетудің қыр-сырын біліп қайтты. Жасөспірім — Түркістан облысы Сарыағаш ауданының «Жас кешу» деп аталатын алақандай ауылдағы орта мектептің түлегі. 11 жыл бойына мектепті үздік оқыған бала ҰБТ-ға дайындығын осыдан екі жыл бұрын бастап кеткен екен.
Қасымжан күнделікті таңғы сағат 5.30-да тұрып, әрбір сұрақтың жауабын еске түсіріп, қайталап тұруды әдетке айналдырған. Шатасқан жері болса, қайта оқып, жадына тоқып қалуға тырысады. Сабақтан келген соң жаңа тақырыпқа байланысты сауалдардың жауабын қағазға түсіріп, қабырғаға жабыстырады. Осылайша екі жылдың ішінде Қасымжанның жатын бөлмесі сауалдар мен жауаптардың галереясына айналған.
«Әр бос уақытымда, жатқан кезде, киімімді ауыстырғанда, сабақ оқығанда көзім түссе, осыларды жаттап отырдым. Осы жабыстырғандарым тестілеу кезінде көмек берді», — дейді ол.
Анасы Венераның айтуынша, тұңғышы жас кезінде өте тұйық бала болған. Осы мінезіне қарап, анасы оны келешекте әскери қызметкер болуға үгіттеп көреді. Дегенмен 9-ншы сыныпқа көшкен жылы Қасымжан алдына болашақта дәрігер боламын деген айқын мақсат қойды. Анасы да үнемі қанаттандырып отырған.
«ҰБТ сынағына тапсыруға барғанда Қасымжан өз-өзіне өте сенімді болатын. Өйткені бұған дейінгі алдын-ала сынақтарда ылғида 130-дан астам сұраққа дұрыс жауап беріп жүрген. Тіпті екі рет ең жоғары 140 балл жинады», — дейді анасы.
«Әр байқау сынақтарынан қателескен сұрақтарымдағы қатемен жұмыс жасап дайындалдым. Тек тест сұрақтарын жаттап қана қоймай, мектеп бағдарламасындағы теорияларды терең түсініп, оқып, сол білімімді тесте қолдана білдім», — дейді Қасымжан.
Қасымжанның арманы — адам өміріне араша болатын мықты маманға айналу, сырқатынан сауыға алмай, дерті дендеген жанға жарық күн сыйлау. Бұл — Қасымжанның жеткіншек кезден бергі арманы. Осы арманның жетегімен ол енді бірер күнде Алматыдағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжат тапсырмақ.
«Қасымжанның бұл мамандықты таңдауына әкесінің ерте үзілген ғұмыры да әсер еткен болуы керек», — дейді анасы.
stan.kz