Уақыт өтті, ештеңе басталған жоқ – Елбасы Түркістан қаласын дамыту туралы
Фото: Ақорда
Астана, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының төрағалығымен Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті Түркістан қаласының құрылысын бастауға байланысты шұғыл шаралар қолдану қажеттігін айтудан бастады.
«Түркістан – біздің халқымыз үшін қасиетті қала. Қаланың болашақтағы дамуына қатысты қажетті талқылаулар жүргізіп, тиісті тапсырмалар бердік және қажетті қаражатты бөлдік. Уақыт өтті, бірақ ештеңе әлі басталған жоқ. Облыс орталығының құрылысына байланысты көзделген жоспарды орындауға көшу керек», — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы басым бағыттар ретінде қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықтың, тұрғын алабы мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын атап өтті.
Кеңес барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары А. Маминнің, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаевтың, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының және халықаралық сәулет конкурсы комиссиясының төрағасы А.Зикириннің Түркістанның бас жоспары концепциясын іске асыру, сонымен қатар қалада жаңа нысандарды тұрғызу жоспары туралы баяндамалары тыңдалды.
Жиын соңында Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді, оның ішінде жаңартылған энергия көздерін пайдалануға мән бере отырып, облыс орталығында энергиямен қамтамасыз ету және сумен жабдықтауды жақсарту саласын да атап өтті.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ