«Уәдемен емес, іспен көрсетіңдер»: Тоқаев әкімдер мен министрлерге

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдау рәсімі кезінде қандай өзгерістердің орын алатынын айтып, әкімдер мен министрлерді халыққа жақын болуға, халықтың алдында ұдайы есеп беруге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.  

«Қазір әлем қарқынды өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Технологиялар, экономика және әлеуметтік тәртіп өзгеріп жатыр. Адамдардың, әсіресе жастардың көзқарасы өзгеріп жатыр. Қазақстанның алдында жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер тұр. Көп жылдар бойы халықаралық саясатпен айналысып жүріп жаңа дәуірдің келгенін сезінемін. Сауда соғыстары, халықаралық қатынастардағы шиеленіс, бұрынғы қауіпсіздік механизмдерінің бұзылуы, өңірлік даудың өсуі — мұның барлығы жаңа геосаясаттық шындық», — деді президент. 

Тоқаевтың айтуы бойынша, бірнеше жылдар ішінде қазіргі заманның басты сұрағы шешіледі. Қай мемлекеттің прогреске бейімделетіні, қай елдің әлемдік дамудың жиегінде қалатыны анықталады.

«Экономикалық әлеуметтік және саясаттық прогресс — заманның сын-тегеурініне беретін жалғыз дұрыс жауабымыз. Біз әлемге ашықпыз, үздік жетістіктерге, алдыңғы қатардағы технологияларға ұмтыламыз. Жасампаз өзгерістер — адамдардың игілігі үшін. Менің прогресс жайлы түсінігім осындай. Билік адамдардың өтінішін естуі керек, проблемаларды бірден шешіп, азаматтардың алдында ұдайы есеп беруі тиіс. Уәдемен емес, іспен көрсетуі қажет. Үкіметтің барлық мүшелері мен әкімдер осы ережені ұстануы керек», — деді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 9 маусым күні өткен сайлауда 6 539 715 қазақстандық дауыс берген. Ол 70,96 пайызбен жеңіске жеткен еді.

Тоқаев 12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Республикасының президентін ұлықтау рәсімінде еліміздің әр азаматының мүддесін қорғайтынын мәлімдеп, ант берді. 

stan.kz