«Уәде беріп кетеді»: Елдос Сметовтың ауылдастары суға жарымай отыр

0

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылында бірнеше жылдан бері су мәселесі шешілмей келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жалпақсаз – Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың ауыл. Спортшының туыстары әлі де сонда тұрады. Ulysmedia.kz порталының «Ауылға жол» командасы аталған ауылға барып қайтқан.

Жергілікті тұрғындардың бірі ауыл тұрғындарының газы бірнеше жыл бұрын пайда болғанын, бірақ бүгінгі күнге дейін сумен жабдықтау жүйесінде мәселе барын айтты.

– Елдосты кішкентайынан танимыз. Балалармен ойнап өскен еңбекқор бала ғой. Отбасымен мен келгенде Таразға көшіп кеткен. Қарашаңырақтарына жиі келіп тұрады. Жеңіспен оралған сайын құдайы тамағын беріп, халықты жинап жатады. Алдыңғы күні де келіп кетті, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Ауылда 80 үйдей бар. Кішкентай медициналық пункті жұмыс істейді.

– Ауылға екі-үш жыл бұрын газ кірді. Перспективасы аз ауыл ғой. Су арғы жақтан ағады. Бірақ сыздықтап келеді. Кейде тоқтап қалады. Өзіміз тасимыз. Тасып ішеміз. Су әлі кірмеді ғой. Сол күйі қалды ма, білмеймін. СЭС-тен тексеріп жүретін. Уәде беріп кетеді. Асфальт та ескіріп кетті, – дейді ол.

Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы болды. Ол финалда француз балуанын жеңіп, спорттық мансабындағы Олимпиада жүлделерінің қола және күміс медалімен қатар алтын медаліне ие болды.

Ауылға жол

Бірнеше күннен бері Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты жаңа жоба бойынша өңірлерді аралап жүр. Онда редакцияның шығармашыл тобы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратуды мақсат еткен.

Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеуді мақсат тұтқан команда шыққан материалдарды ресми парақшаларымыз бен сайтымызда жариялайды.