«Тырыстым, әлім жетпеді». Қазақстан алтын күткен боксшылар жеңіліп қалды
Токио олимпиадасына барған қазақстандық тоғыз боксшының төртеуі қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Жеңілгендердің қатарында олимпиада фавориті саналған әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов бар.
«СОҚҚЫЛАР ЖІБЕРІП АЛДЫ»
28 шілде күні рингке шыққан 23 жастағы Бекзат Нұрдәулетов екінші айналымда ресейлік Имам Хатаевтан жеңілді. Бес төрешінің төртеуі жеңісті ресейлік боксшыға берді. Сондай-ақ 57 келіде Серік Теміржанов та екінші айналымда Дюк Рэгенге (АҚШ) есе жіберді.
Кездесуден кейін Теміржанов журналистер сұрағына қыстыға өкінішпен жауап берді.
«Не істей аламын соның бәрін жасадым. Бұйырмады. Ештеңе айта алмаймын. Адамдардың, кейбір адамдардың үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Тырыстым, әлім жетпеді» деп күрсінді Серік.
Бекзат Нұрдәулетов жеңілісінен кейін журналистерге пікір бермеді.
Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев Нұрдәулетовтің осы жекпе-жегіне қатты алаңдағанын айтты.
«Жетпеді, соққылар жіберіп алды. [Бекзат] бірінші раундта есе жіберді. Екінші раундты жеңді. Үшінші раунд тең өтті деуге болады. Басымдық біздің боксшы да болды. Бірақ үшінші раундта екеуі тіресіп, жекпе-жек жиі тоқтады. [Хатаев] мықты қарсыластардың бірі. Осы жекпе-жекке қатты алаңдаған едім. Ал Серік [Теміржанов] олимпиадада барын көрсетті, ол әлі мықты боксшылармен бәсекеге түсетін деңгейде емес. Оның шамасы осы. 57 келіде Қазақстан чемпионы болған. Жалпы, бұл салмақ бізде әлсіз» деді бас бапкер Токиода жүрген қазақстандық журналистерге.
Қазақстандық бокс сарапшысы Жанпейіс Назарғали «Бекзат Нұрдәулетов жеңілді» деп санайды.
— Бекзат бірінші раундта жеңілді, себебі өзі [соққы] жасамай жүріп алды, Хатаевқа да сол керек болды. Бірақ екінші раундта таза жеңді. Екінші раунда 5:0 есебі берілу керек еді, бірақ төрешілер 3:2 есебін берді. Менің түсінбей отырғаным – осы. Осыны білген соң Бекзат 3-раундта тәуекелге барды. Себебі оған айқын жеңу керек болды. БІрақ шабуыл жасаймын деп ашылып қала берді, Хатаев соны пайдаланып кетті. Егер 2-раундта 5:0 есебін бергенде кездесу басқаша өрбейтін еді, төрешілердің қателігі деп осыны меңзер едім. Бірақ Бекзаттың жеңілгенін мойындаймын, тактикалық тұрғыда қателік кетті, — деді ол Азаттыққа.
«ЛЕВИТТЕ КЕРІ ПРОЦЕСС БАСТАЛҒАН СИЯҚТЫ»
24 шілдеде Қазақстан жүлде күткен боксшылар 33 жастағы Василий Левит (91 кг) пен 24 жастағы Абылайхан Жүсіпов (69 кг) те олимпиаданы аяқтаған еді. Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Левит бірінші кездесуінде испаниялық Эмануэль Рейестен нокаутпен жеңілсе, әлем чемпионатының қола жүлдегері Жүсіпов америкалық Деланте Джонсонға есе жіберді. Бес төреші де жеңісті АҚШ боксшысына берген.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев «Левитте физикалық және психологиялық мәселелері болғанын» айтады.
«Левитте кері процесс басталған сияқты. Ол Иорданиядағы [олимпиадаға іріктеу] турнирінен соң бабын келе алмады. Физикалық және психологиялық тұрғыдан мәселелер болды» деді бапкер.
The Associated Press агенттігінің шолушысы Грег Бичем Нұрдәулетовтің жеңілісінен соң «Мықты деген Қазақстанның бокс командасы Токиода қазірдің өзінде біраз жеңіліске ұшырады» деп жазды.
Ал қазақстандық спорт шолушысы Айдос Рымқұл «қазақстандық боксшылар олимпиадаға физикалық тұрғыдан дайын болмады, 3 раундқа жетпей өкпелері өшіп жатады» дейді.
2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында 81 келіде алтын медаль алған Бекзат Нұрдәулетовтен және Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левиттен Қазақстан жұрты олимпиада алтынын күткен. Нұрдәулетов олимпиада фавориті ретінде жеребе тартылғанда бірінші айналымнан босатылған еді.
Спорт статистикасын жүргізетін америкалық Gracenote компаниясы да Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левитті олимпиада фавориті санаған. Бірақ Токиоға әлем чемпионы статусымен келген Нұрдәулетов Қазақстанға енді жүлдесіз қайтады.
Қазір Токио олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында 52 келіде Сәкен Бибосынов, 63 келіде Закир Сафиуллин, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, +91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев қалды. Әйелдер боксынан олимпиадаға жолдама алған жалғыз қазақстандық боксшы Надежда Рябец (75 кг) бірінші айналымда канадалық Тамара Тиболттан жеңілді.
Қазақстан Токио олимпиадасында қазірге дейін үш қола медаль алған. Ауыр атлеттер Игорь Сон, Зүлфия Чиншанло, дзюдошы Елдос Сметов Токио олимпиадасында үшінші орын иеленді. Токио олимпиадасы 9 тамызда аяқталады.