Тыныштық бұзған өнер

0

Әрине өңірлік театр сахнасында қойылып жатқан спектакльдердің барлығын жауһар демейміз. Бірақ кейде сол нөпірдің арасынан бағзыдан қалыптасқан қасаң қағида мен сеңдей сірескен стереотипті бұзып, түнекті жарып шыққан сәуледей жарқ ете қалатын жақсы қойылымның сирек те болса куәсі болу – үлкен олжа. Күні кеше ғана С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма теа­трында режиссер Бек Киікбайдың қолтаңбасымен көрерменге жол тартқан жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес…» драма-абсурдының премьерасы бізге осындай ой салды. 

Иә, өз қазанында өзі қайнап, өзеннің баяу ағысындай жайбарақат қана томаға-тұйық тіршілік кешіп жат­қан өңірлік театрлардағы ты­ныш­тық­ты бір бұзса тек өнер бұ­зады. Көркемдікпен көмкеріліп, сұ­лулықпен суарылған сергек те саф өнер. 

Бізді қуантқаны – С.Сейфуллин театры ұжымының өзгелер салған сүрлеудің кезекті жолаушысы болудан қашып, басқа театрлар ен салмақ тұрмақ әлі сиясы да кеуіп үлгермеген жаңа пьесаны сахналауға батыл қадам жасауы дер едік. Бағыты да, тіпті жанры да қазақ көрермені үшін тосындау бұл туынды былтыр VІІІ республикалық «Тәуелсіздік тол­ғауы» атты көркем шығармаларға арналған жабық бәйгеде «Театрларға арналған отбасылық құндылықтарды айшықтайтын ең үздік пьеса» аталымында топ жарған болатын. Бірақ бәйге алған шығармалардың да өз ре­жиссері мен актерін күтіп дра­ма­тургтің тартпасында шаң ба­сып­ ұзақтау жатып қалатыны бар ғой. «Ешкім де кінәлі еместің» бұл тұрғыдан келгенде жолы болды деп айтуға толық негіз бар. 

Сәтті қойылымның басты тірегі – жақсы пьеса, талантты труппа және шебер режиссер десек, осы үш­­­­­та­ғанның үздік шығармашылық тан­деміне біз премьера күні Қара­ғанды театры сахнасында куә бол­дық. Режиссері драматургін түсінген, сурет­кер ойын актерлері ұққан жақ­сы жұмыс көрушісін де бей-жай қал­дырмады. 

Жалпы, қарттар үйінің түйткілді мәселелері кезінде қырғыз драма­тур­гі Бексұлтан Жәкиевтің «Жү­рейік жүрек ауыртпай» (қазақ тіл­іне аударған Әшірбек Сығай) қойы­лымына арқау болып, көрермен ықы­ласына бөленсе, бүгінгі драмада Роза Мұқанованың қолтаңбасы көңіл қуантты. Жанрын абсурд деп анықтаған пьесасында автор оқиғаны нақты бір драмалық сюжетке құрмай, басты планға адамның жанын, ішкі мұңы мен сырын шығарады. Сол арқылы қарттар үйін мекен еткен «сақалды жетімдердің» көңіл толқынысын түрлі оқиға ауанында жан-жақты таразылап, мың түрлі мінездер мүсінін түзуге басымдық берген. Бір қарағанда қойылымда қарапайым күйкі тірліктің түйт­кілдері сөз болғандай сезіледі. Алай­да ішкі мазмұнына бойлап, сөз астарына үңілген көрермен қарт­тар мінезі арқылы мүсінделген бүгінгі қатыгез қоғамның мозайкасын көреді. Сөйтіп қарапайым оқиға күллі адамзаттық сипатқа ие болып, философиялық фабула биігінде сарапталады. 

Шымылдық ашылған сәтте актерлер сахнаға үш аяқты велосипедпен шығады. Негізгі оқиға желісі балабақшада өрбиді екен деп, бірден ойыңызды балдырғандар әлемінің алуан ахуалына ыңғайлай бергеніңіз сол еді, үш аяқты велосипедтің үс­тіндегі кейіпкерлер тіпті де бала емес, көпті көріп, кексе тартқан қа­рия­лар болып шыға келеді. Істеген әре­кеті баланікі болғанымен, айтар сыры мен мұңы – тіпті де сәбидің еркелігі емес, қатыгез қоғамның боя­масыз қалыбынан тарқатылады. Сәби фонында берілген қарттар бей­несі қандай дәрменсіз болса, ақылман ақсақалын бейшара күйге түсір­ген қоғам сондай аяусыз. Осы­лайша автор бала мен қарттар әле­мін контраста беру арқылы оқи­ғаның өзегін өткірлендіріп, қай­шылықты қалыңдатады. Өмір өт­пес­тей көрінгенімен, уақыт-ағзам­ның алақанында адам ғұмыры қас-қағым ғана сәт екен. Балалық пен қарттықтың шекарасы тіпті де бөлін­бейтін көрінеді. Сөйтіп қойы­лым сан саққа шашыраған ойыңызды «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген өмірдің өз пәлсапасына әкеп тірейді. 

Драматургтің бұл ойын режиссер Бек Киікбай ұтқыр дамытып әкете алған. Спектакльде ол мықты метафоралар мен сәтті символикаларға батыл барады. Өмірдің бар мәнін – қойылымның басынан аяғына дейін тоқтамайтын велосипед дөңгелегімен параллель ала отырып, ұтымды шендестіреді. Сахна суретшісі Ұлан Несіпбайдың ойы да режиссер қиялымен сәтті үндескен. Талантты тандем қойылым кілтін шексіздіктен іздепті. Аппақ түске боялған аппақ әлем бірде сәби жөргегіндей таза­лықт­ы көз алдыңызға әкелсе, бірде ғарыштық шексіздік пен тұтастықты бедерлейтіндей. Сахна декорациясын барынша минимализмге құрып, актер жанын неғұрлым бастапқы планға шығаруға екпін түсірген. Соның нәтижесінде біз Дина Зайытова есімді талантты актрисаның тыңғылықты ізденісіне куә болдық. Драмасынан гөрі трагедиясы басым спектакльді жұп-жұмыр күйінде ұсыну өз алдына, сол салмақты ойлы бейне биігінде бедерлей алу да орындаушысынан есепсіз жігерді талап етеді. Осы сенімнің жауапкершілігін актриса шынайылықпен шебер астасқан ішкі тереңдігімен сәтті еңсерді. 

Қойылымдағы режиссердің та­ғы бір батыл шешімі – музыкадан бас тартуы дер едік. Адамның жү­рек дүрсілі мен демінен артық қан­дай ұлы музыка болуы мүмкін?!. Спек­такльге келген көрермен ты­ныш­тыққа бөккен әлемнен күйкі тір­лікпен қарбаласып жүріп естуден қалған жүрек үніне құлақ түріп, қас-қағым сәттік өмір мә­нін өзгеше ұғынғандай бола ма, әй­теуір, бұл тыныштықтың әсері сұм­дық ыстық. 

Шеберлік деңгейі абсурд дейтін ауыр­лау жанрда сынға түскен шы­ғар­машылық құрам аталған жауап­кершіліктің салмағын жете түсініп, жан-жақты ізденгені сахнада жа­салған жұмыстан айқын көрінді. Қарағандылық көрерменді екі күн бойы өнер әлемінің қуанышына кенелткен қойылым театр репертуарына қосылған сәтті спектакльдердің бірі болады деп сенеміз.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»