Тыныс алу аппараттарын қосатын розетка жоқ: Сәуле Әбілдаханқызы ковид ауруханасындағы былықты айтты

0

Коронавируспен ауырып жатқан Сәуле Әбілдаханқызы өзі жатқан аурухананың кемшіліктері туралы әлеуметтік желіге жазды.

«Дәл қазір, дәл осы сәт бұл аурухананың ең үлкен бірнеше кемшілігін жазбасам, болмайды:

1. Ковидке арнап салынған ауруханада кей палаталарда тыныс аппаратын қосатын розетка (тоқ) жоқ дегенге сенесіздер ме? Мен өз көзіммен көріп, күймейін десем, күйіп жатырмын.

Менімен бір палатада жатқан украин әйел екеуміз бір күнде, бір сағатта түстік. Оның өкпесі 50% қабынған. Келген сәттен бастап, күндіз-түні кислородпен тыныстайды. Бұл кислород аппараты қызық — қабырғамен жағалай труба арқылы келетін общий кислородқа шап-шағын мынадай аппаратты қосып, түтікше арқылы мұрынға кигізеді.

Енді жаңа ғана медбике «сізді мына аппаратқа жалғаймыз» деп, әлгі жазда бәріміз ақша жинап сатып алатын кәдімгі аппаратты сүйреп кірді. Алайда, оны қосатын розетка таппай, қайта сүйреп алып кетті…
Әр төсектің басына жеке розетка керек!

2. Жуынатын су өте салқын. Күні бойы ағызып қойсаң да жылымайды. Соған қарағанда жылы су құбыры ортақ жылыту жүйесіне қосылмаған. Ал аурухананың кочегарлары отты дұрыс жақпай ма, әлде тоқты үнемдей ме, — әйтеуір келген күннен бастап жылы суды аңсап жүріп жатырмыз.
Өн бойың — шашыңнан табаныңа дейін 24 сағат бойы су боп шылқылдап, терлеп жүріп, қолыңды тастай суға шайғанда…. «бұлардың жасап жатқан емін мына су көк тиын қылатын болды-ау» деп күйесің еріксіз… бірден тер қататыны айтпаса да түсінікті…
Жуынатын су жылы болсын!

3. Түнгі 12-ден кейін медбикелер, санитарлар коридорда тым қатты айғайлап сөйлемесе дұрыс болар еді…

4. Осындай заманауи, жап-жаңа ауруханада давление көтеретін, бас ауырғанда тез көмектесетін қарапайым ғана «цитромон» дәрісінің болмауы ұят па, ұят емес пе? (Кофе, какао сұрамай-ақ қояйын… тамақтары туралы айтпай-ақ қояйын…. алдымызға бергенді жейміз… онсыз да аппетиті жоқ, дәм, иіс сезбейтін науқасқа қандай тамақ болса да бәрібір дейтін шығар…. мына «Малина» деген кәмпитті таңертең аузыңызға салсаңыз, кешке әрең жеп бітіресіз….
Жалғыз «цитромонға» бола үйдегілерді «қауіпті зонаға» келтіргім жоқ… Ал давление көтерілмей, бас ауырғаны қоятын түрі жоқ…

А так-то, мен салық та, мед.салық та төлеушімін, если чо….
* Мына советский одеялоны қай пойыздан тауып алды екен….
Дәрігерлер, медбикелер бар жанын салып емдейді. Оларға еш кінә тағу мүмкін емес.
Бар мәселе Бас дёрігерде, шаруашылық бөлімінде болса керек…» дейді Сәуле Әбілдаханқызы.