ТЫЛДА МАЙДАН

0

Ұлы отан соғысы тарихымызда бабаларымыздың ерлігімен құнды. Жеңісті жеделдеткен жауынгерлердің еңбегі жылдар бойы жырлануда. Газет-журнал, кітап беттерінде соғыс және еңбек ардагерлерінің ерен ерліктері жазылып жатыр, әлі де жазылуда. Солардың қатарында Жеңісті жақындатуға септігін тигізген тыл майданда тер төгіп, барын салып, майданға өз қаражатынан үш самолет жөнелткен Қозыбаев Қабаштың есімі қазақ тарихында өзіндік орны ерекше десек, қателеспейміз.

Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Газет-журналдағылар уақыт желімен ұшады да кетеді. Ерлердің есімін кітапқа кіргізу керек. Қар ерігенмен, Қаратау ерімейді. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», — деген екен. Осы қағиданы бар болмысымен қабылдаған белгілі ғалым Сағымбай Қозыбаев әкесінің өнегелі өмірі мен ерен ерлігін «Звезды в небе» кітабына арқау етті. Әке алдындағы балалық парызы ма, жоқ әлде ардагерлеріміздің есімі ұрпаққа өнеге болсын деді ме, қалай болғанда да осындай деректі шығарманың дүниеге келуіне барын салған Сағымбай ағаға алғыс сезіміміз шексіз.

Шығарма несімен құнды? Әрине, шындығымен. Мұрағаттан алынған фактілерге бай мәліметтер жүректі тебірентпей қоймайды. Туындыны оқи отырып, Қабаш ақсақалдың: «Майданға барамын»,- дегеніне өкімет адамдары: «Сіздей колхоз председателі тылға керек, бұл жер де майдан», –деп соғыс жүріп жатқан жерге жібермейді. Майданға қаражат жинап, қолдан келген көмегін аямай беріп жатқан басқа колхоз еңбекшілерінің әрекетін газет бетінен оқыған ол көп ойланбастан өзі де үй-мүлкін — бәрін сатып, жетпегенін туысқандарынан қарызға алып, «Бәрі майданға!» деген ұран көкірегіне түйіп, одан әрі көрші колхоздың председателі И.Верешенкомен бірігіп, Чкалов қаласынан (қазіргі Орынбор) үш бомбалаушы ұшақ сатып алады да бір ұшақтың қос қанатына «Қабаш Қозыбаев» деп трафаретпен жазғызады. Екіншісінің қанатына көршісінің аты-жөнін таңбалайды. Ал үшінші ортақ ұшақтың қанатын теңдей бөлісіп, аты-жөндерін жаздырып, майданға шығарып салғанын тебірене оқисың. Міне, ер мен ездің ара жігі ашылатын жер осындайда көрінеді. Қабаш ақсақалдың тыл майданындағы сіңірген еңбегі мен төккен тері, ерлікке парапар үлгілі істері жайлы мәлімет осы кітап арқылы оқырмандарына жетіп отыр. Шығарма нақтылы деректер негізінде және тілі жатық жазылғандықтан қызғылықты оқылады. Оның көпшіліктің көңілінен шығатынына еш күмәнданбаймыз. Осылайша келер ұрпақ ерлердің ерлігін ұмытпайды.

Ф.ғ.к. Жалғас Иманалиев

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының аға оқытушысы