»Тыйым салатын заң жоқ». Астана тұрғыны Туды қалай ілу керек екенін көрсетті
Астана тұрғыны Жандос Құрманбаев балконға туды қалай ілу керектігі туралы лайфхак түсірді. Бір қызығы, 2015 жылы оған балконға Мемлекеттік туды ілгені үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынған, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Жандос Құрманбаев алдымен 2015 жылғы оқиғаны әңгімелеп берген.
«2015 жылы полиция және әкімдік қызметкерлері балконға ту ілгенім үшін қаумалап алды. Пәтерімде формадағы бейтаныс адамдар «Мемлекеттік Туды пайдалану ережелерін бұзу» бойынша хаттаманы толтырып, жауап алған кезде қорланған жағдайым есімде. Кетіп бара жатып, олар Туды қылмыс құралы ретінде тәркіледі. Сол күні өз елімде өзімді жат сезіндім. Бірақ қоғамдық қолдау мен резонанс арқасында бүгінде Туды іліп қоюға болады және қажет», — деп еске алады астаналық.
Көп жыл өткен соң Құрманбаев бұрынғы әрекетін қайталап қана қоймай, барлық патриот үшін лайфхак түсірген. Қазақстан азаматы видеосында үйінің балконына Туды қалай ұқыпты ілу керектігін егжей-тегжейлі көрсетеді. Астана тұрғыны ешқандай заң бұзбағандықтан, өз әрекеті заңмен жазаланбайтынына сенімді.
«Мен бірнеше нәрсені ұстанамын. 2022 жылдың маусымында Президент Тоқаев «Туды туған жеріңде биікке көтер» деген қанатты сөзді келтірді және мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелерін түзету мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды, осылайша қазір бұл патриоттық әрекетті көрсетудің тыйым салынған түріне жатпайды. Ал екіншіден, балконға Ту ілуге тыйым салатын заң жоқ. Туға ұқыпты, құрметпен қарауды реттейтін заң бар. Бұл жерде Тудың жерге, суға тимеуі, лас болмауы, онымен бірдеңені орауға болмайды, Туды жыртып, төңкеріп ұстауға болмайды, тек адам апат сигналын хабарлаған жағдайдан басқа. Осындай тағы да басқа. Сондықтан еш жерде Туды балконға ілуге болмайды деп айтылмаған. Сондықтан осының барлығын ұстанамын», – дейді Жандос Құрманбаев.
Ол болашақта, әсіресе, Республика күні мен Тәуелсіздік күнінде Мемлекеттік Туды желбірету нағыз дәстүрге айналатынына сенімді.
Еске салайық, 2015 жылдың 28 ақпанында Жандос Құрманбаев үйінің балконына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын іліп қойғаны үшін 396 400 теңге айыппұл арқалаған. Өз кезегінде заңгер Михаил Кленчин Астана тұрғынына заңсыз айыппұл салынғанын мәлімдеген еді.