Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде халық жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады — Ақмарал Әлназарова

0

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова таныстырды. 

Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде 7 337 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 663-і стационарлық, ал 6 674-і алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін нысан.

Соңғы 5 жылда 400-ден астам медициналық нысан салынып, 36%-дан астам нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жалпы сомасы 261 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұл ретте инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары 50% күйінде қалып отыр.

«Жалпы 102 000 төсек-орын қорындағы ересектерге арналған 11 000 төсек-орынның тиімсіз пайдалануы анықталып отыр. Нәтижесінде өңірлер арасында төсек орындарымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша айырмашылық байқалуда. Сонымен қатар, 6 аймақта педиатриялық кереуеттер шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Нәтижесінде 1 200 төсек-орындарының, соның ішінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге арналған төсек орындарының тапшылығы байқалады», — деді денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова.

Алдағы уақытта денсаулық сақтау инфрақұрылымы нормативтерге сәйкестендіріліп, төсек-орын қоры қайта қаралатын болады. Министрлік тарапынан 10 000 адамға шаққандағы есеппен халықтың сұранысына сәйкес өңірлер бойынша «стационарлық көмек көрсету бойынша қажеттілік нормативі» бекітілді.

Сонымен қатар республика бойынша медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 80% құрағанымен, олардың тозу көрсеткіші жоғарғы деңгейде қалып отыр.

Оған қоса денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің 80 мыңнан астамы дәрігер болуына қарамастан, кадр тапшылығы әлі деп өзекті. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, акушер-гинеколог дәрігерлеріне сұраныс көп. Министр мұның барлығы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жоспарлау кезіндегі кемшіліктердің болуын дәлелдейтінін және кезекті шаралар жүргізуді қажет ететінін айтты. Ең алдымен, стационарлық көмекті тұтынудың жас шамасы нормативтерді енгізу және институционалдық базаны жетілдіру қажет. Сонымен қатар инфрақұрылым нысандарын заманауи жабдықпен және технологиямен жарақтандыру жүйесін жетілдірудің маңызы зор.

«Бірінші бағыт бойынша инфрақұрылымды жоспарлау процесі демографиялық және халықтың аурушаңдық көрсеткіштеріне ұзақ мерзімді болжамдарына негізделеді. Осы іс-шараларды тиімді іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданып, қолданыстағы ақпараттық жүйе базасында денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленеді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды оңтайлы жоспарлауды, мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі денсаулық сақтау объектілерін құрылысын кезең-кезеңімен жүргізуді көздейді. Бұл ретте, 11 440 төсек орынды құрайтын 34 негізгі жоба қарастырылған», — деді денсаулық сақтау министрі.

Жоспарға сай өңірлерде заманауи көпсалалы ауруханалар салынады. Олардың ішінде: 6 университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және 3 ұлттық орталық бар. Бұдан басқа денсаулық сақтау объектілерін күрделі жөндеу және жабдықтау жұмысы жалғасады.

Тұжырымдаманы іске асыру барысында балалар төсек-орындарының тапшылығын жою шаралары пысықталады. Атап айтқанда, 200 төсек-орынды балалар онкология және гематология орталығы, 200 төсек-орынды балалар хирургия орталығы, Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығы жанынан 200 төсек-орындық балалар корпусының құрылысы басталады.

А. Әлназарованың мәліметінше, тұжырымдама денсаулық сақтау объектілерін бес жылдық кезеңге медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарға қажеттілікті болжау моделі енгізіледі. Бұл ауылдық жерлерде кадрлардың тапшылығын азайтуға, құқықтық, қаржылық және әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

фото: primeminister.kz