Туыстары «Синий кит» ойынының кесірі деп отыр: Алматы облысында үздік оқушы асылып өлді

0
3888

Алматы облысында 9-сыныпты үздік бітірген оқушы асылып өлді. 15 жасар Диана Хамутецкаяның туыстары тергеуге наразы. Марқұмның жақындары қызды мұндай қадамға интернеттегі күдікті қауымдастықтар итермелегеніне сенімді, деп хабарлайды  «КТК» арнасы.

Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылында бүтін бір отбасы қара жамылды. Осыдан төрт күн бұрын өрімдей 15 жасар қызының қорада төсек жаймасына асылған өлі денесін анасының өзі алып шыққан. Қайғыдан қан жұтқан Бақытты Айтмұратова Диананың мұндай әрекетке баруына еш себеп болмағанын айтады. Өйткені 9 сыныпты үздік бітіріп аттестат алатынына қуанып жүріпті.

«Сағат 3-те менің орныма, «дүкенде сіздің орныңызға тұрамын, сіз демалыңыз» деді. Бірақ айтылған уақытта келмеді. Телефоны өшірулі болды. Көршіме хабарласып үйді тексеруін сұрадым. Еш жерде жоқ деген соң, өзім келіп қарадым. Таппай, құрбысымен мектеппен қоштасу кешіне дайындалып жүрген болар дедім. Әжетханаға жақындай бергенімде қарсы беттегі қорадан әппақ жайманың ілулі тұрғанын көрдім. Ары қарай есімде ештеңе жоқ», –  деді марқұмның анасы Бақытты Айтмұратова.

Марқұмның туыстары Диананы екі күн бұрын жер қойнына тапсырған. Өмірге құштар қыздарының бұл әрекетке қалай барғанын түсінбей дал. Себебін іздеуге тырысқан олар күнделігінен қорқынышты суреттерді көріп, жағасын ұстап отыр. Оларды анасы алғашында тек шимай дәптері деп ойлаған. Өйткені бастапқы бетіне тек армандарын түсірген. Алайда суретті де жақсы салатын Диана ішкі жағына өлімге итермелейтін түрлі үрейлі бейнелер мен жазу жазыпты. Бірінде: «Мен өлімнен қорықпаймын. Ең қымбат адамдарымнан айырылып қалудан қорқамын» десе, енді бірінде тіпті қанмен сурет салған. Осылайша жақындары бұл суицид жасауға итермелейтін «Синий кит» ойыны екеніне сенімді.

«Түнгі 2-ден келіп таңғы 6-ға дейін отырдым. Бәрін ақтардым. Мынаны таптым, ананы таптым. Өзінен өзі ойнап-күліп жүрген баланың сөйте салуы мүмкін емес деп, өзім тергеу жасадым, дәптерін ақтардым. Бір секта сияқты. Сосын ертесі күні бес қыз келген. Киген киімдерін көрсеңіздер. Біреуінің артында табыт, крест, біреуі қолын қап-қара бояп алған. Оң қолында періштенің суреті. Періштенің суреті сызылып тұр», – деді марқұмның туысқан ағасы Мұратбек Айтмұратов.

Туыстары марқұмның инстаграм желісінен де түрлі күдік тудыратын дүние тауыпты. Алайда уақытында аңғармағанына өкінеді. Мектепте үлгілі оқушы болғанын айтқан ұстаздары да өзіне қол жұмсауы «мүмкін емес» дейді.

«Хамутецкая Диана жалпы сабақтан себепсіз қалмайтын. Мінезі ашық. Сыныптастарымен, ұстаздарымен белсенді қарым-қатынаста жүретін үлгілі оқушы болатын. Үздік аттестаттың үміткері. Осы қыздан дәл осындай шығады деп ойлаған жоқпыз. Не итермелегенін тіпті өзіміз де түсінбей отырмыз», – деді №4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Көшегенова.

Дәл осындай қайғылы оқиғалар көрші ауылдардарда да болыпты. Олардың барлығына интернет арқылы тараған сатанисттік сипаттағы қауіпті ойындар себеп болуы мүмкін екен. Алайда құзырлы орындар тергеуді тереңнен бастаудың орнына, істі жәй ғана суицид деп жылы жауып қойып жатыр деп қапалы. Ал полиция департаменті тергеу тоқтамады деген жауап қатты.

«Аталмыш іс бойынша ҚР ҚК-тің 105-бап, 3-бөлігі, яғни өзіне қол жұмсау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот медициналық-сараптама тағайындалды.Бастапқы қорытындысы көрсетіп отырғандай, жасөспірімнің өліміне тыныс алу жолдарының механикалық асфекциясы себеп болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғастырылып жатыр», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Диананың ата-анасы қызының ұялы телефоны мен қандай да бір жеке заттарын тексеруді талап етуде. «Қызымды қайтара алмасам да, өзге балалардың өміріне араша түсе алсам» деген ол полицейлерден істі бүге-шігесіне дейін тергеуді сұрайды.