Туыстары арызданбаған: Шымкентте туған әкесінен қыз босанған оқушыға қатысты тың дерек шықты

0

Шымкентте туған әкесінен қыз бала босанған оқушыға тың мәліметтер айтылды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші» арнасына сілтеме жасап.

Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, оқушының жасы 15-те емес 17-де көрінеді. Әрі өз әкесінен жүкті болды деген әңгіме шындыққа жанаспайды екен. Бірақ, бойжеткеннің кімнен көтеріп қалғаны белгісіз. Туыстары полицияға шағымданбағандықтан, іс жарты жолда қалып қойған.

«Шындығына келгенде ол 11-сыныптың оқушысы. Қыздың жасы 17-де болған. Өздеріңіз білесіздер, 16 жасқа дейінгі сол ерте жүктілікке жатады. Қыздың жасы 17-ге келген. Ата-анасының немесе басқа да жақтардан және құзырлы органдардан сұрадық. Ешқандай арыздар келіп түспеген», — деді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Сондай-ақ, қаланың бас педагогы бұл жағдайдың ақпан айында болғанын айтты. Шәкіртінің аяғы ауыр екенін сезген мұғалімдері оны кешкі мектепке ауыстырыпты. Қазіргі таңда нәресте қыздың анасының қамқорлығында екен.

Бұған дейін 15 жастағы мектеп оқушысының бала босанғаны туралы ақпарат тарады. Сол кезде Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы  оқушының жүктілігіне  әкесінің қатысы бар болуы мүмкін деген еді.

Кейін немересінің әкесі атанған еркек азғындығы жұртқа жария болған соң, өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды.