Түсті кімге жорыту керек?
Түс Алла жаратқан кереметтің ең кішісі екен. Ол үш түрлі болады. Алғашқысы — шайтан түс. Бас-аяғы жоқ, адамды мазалап, түсініксіз күйге түсіретін шым-шытырық түсініксіз түс. Ел оны шайтанның әсері деп сенеді. Екіншісі — періштелер көрсететін түс. Ол таң алдында көрінеді. Өте қысқа және ап-анық болады. Есіңнен шықпайды. Бұл түсті келешектегі жақсылық-жамандық ишараттан белгі-хабар деп ырымдайды. Үшіншісі — қияли түс. Бұл — шайтан мен періштенің әсерінсіз, адамның өзі көретін түс. Мұны адам қатты шаршағанда немесе қатты ойланып, мазасызданғанда көреді екен.
Түс сөзінің төркіні реңсіз дегенді білдіреді. Адам түсті жору арқылы оған рең, түс береді. Дұрыс жорылмаса, түс өңінде құбылып кетеді.
Ертеде бір малшы қазақтың жас келіншегі түс көрген екен. Оның аяғы ауыр екен. Түсінде екі көкжал арлан қасқыр екі омырауын жұлып жеп жатады. Түсінен шошып оянса, таң рауандап атып келеді екен. Орнынан тұрған жас келіншек байыз таппай, түсімді жорыта кояйыншы деп, жақын маңдағы бір белдің астында отыратын түс жоритын бір қарияның үйіне келеді. Қария мал өрістетіп, үйінен шығып кеткен екен. Қарияның үйде қалған кемпірі жас келіншектен «не бұйымтайың бар?» деп сұрайды.
Келіншек көрген түсін жорытқалы келгенін айтады. Кемпір:
— Қандай түс? — дейді. Келіншек түсін айтып береді. Кемпір:
— Әттеген-ай, балам, жақсы түс көрмепсің. Сені екі қасқыр талап жейді екен, — жамандыққа жориды. Жас келіншектің үрейі ұшып кетеді. Үйіне қарай тұра жүгіреді.
Сәлден соң, түс жорушы қария үйіне оралады. Кемпір алдынан шығып жас келіншектің түсін жорып бергенін айтады. Қария кемпірін қамшымен тартып жіберіп:
— «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген. Аузыңнан бір жақсы тілек шықпады ма?! Түс жорушының тапқанша қыл көпірдің үстінде, ұстараның жүзінде тұрады. Жамандыққа жорысаң, жолдан тайып кетеді. Түс көргенді майып етеді. «Түстің жақсылығы жорушыдан» деген. Келіншектің түсі киелі түс екен. Көкжалдай екі егіз ұл туатын еді. Омырауын жұлып жатқан көкжалдар сол емес пе?! — деп атына мініп, келіншектің ізінен қуып кетеді. Жолда әлгі келіншектің өліп жатқанын көреді. Екі омырауын екі қасқыр жеп жатыр екен. Қарт өкініштен күрсінгенде қолындағы қамшысы сынып кетіпті.
Осыдан бастап «түсті бейпіл ауыз адамға жорытпа» деген ырым шығыпты.
Дереккөзі: «Аңыз бен ақиқат» топтамасы
Дереккөз: http://reactor.inform.kz