«Түсінігіміз басқаша» Ресеймен шекаралас ауылдар депутаттардың алаңдаушылығын туғызды

0

Шекаралас аймақтардағы еркін сауда айналымының мәселесі қанша рет көтерілсе де, әлі шешімін таппаған

НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Ресеймен шектесетін шалғайдағы ауыл-аймақтардың проблемасын көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«ЕАЭО-ның басты қағидатының бірі – тауарлар мен капиталдың еркін айналымы. Өкінішке қарай, аталған қағидат толық іске аспай отыр. Соның ішінде Ресеймен шекаралас аймақта орналасқан шалғайдағы ауылдардың тұрмысына кері әсерін тигізуде», — дейді Еңсегенов сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде елдің батысындағы кәсіпкерлер көршілес Астрахан облысына шыға алмай отыр, тауарларын өткізе алмай қиналуда. Шекаралас аймақтардағы еркін сауда айналымының мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатса да, әлі шешімін таппаған.

«Бұл сол жердегі кәсіпкерліктің дамуына, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп отыр. Экономикаға кері әсерін тигізіп отырған мұндай өткізу пунктері елдің батысында ғана емес, басқа да өңірлерінде бар», — дейді сенатор.

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек шекарадағы өткізу пунктерінің мәселесі үкіметаралық комиссияларға жыл сайын шығарылатынын атап өтті.

«Әртүрлі мәселе бар, ресейлік әріптестермен екі жыл бойы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл, негізінен, Ресей шекара органдарының мәселесі. Бір жағынан қаржы, екіншіден штат жағы проблема болып тұр. Қазір, шынын айту керек, мәселенің шешімі жоқ, сондықтан үкіметаралық комиссияға қайтадан шығарамыз», — деді ол.

Осы кезде сенат төрайымы Дариға Назарбаева неге шешім жоқ екенін сұрады.

«Ресей шекарашылары өздерінің өткізу пунктерін ашпай жатыр. Бір жағынан, қаражат, штат мәселесі бар. Біздің түсінігіміз кішкене басқаша», — деді Қасымбек.



sputniknews.kz