Тұрсынбек Башар. Сәуір бүршігіндегі сезім

0

Чириме

Үстіңнен шалимар аңқып,

Кірпігіңе күн шағылысып,

Аяғыңның астында ай тербеліп,

Қоңыр түнге жұтылдың,

Дерексіз…

Сенің сезіміңді,

Һәм менің сезімімді

Сәуір бүршігіне байлап қойған кім?

Алыстан талып жетті құлағыма,

Әуен де емес ән де емес…

Айғай құм…

Жесір түнді ойнас қылған,

Жетім күнді алдаған,

Менің аңғалақ нәпсімдей –

Уақыт өтіп барады,

Уақыт –

менің аяулы шағым,

сенің аяулы шағың…

алыста ажал биін билейді,

би дегенім Ол емес…

сағым…

хат жазасың дәрменсіз,

хат жазамын дерексіз,

жазасын өтеген құлдай,

мың жыл бойы –

өмір сүрдің сен менсіз,

өмір сүрдім мен сенсіз,

бір әлемде,

бір аялдамада,

параллель жолдан жүргенбіз.

Үстіңнен шалимар аңқып,

Кірпігіңе күн шағылысып,

Аяғыңның астында ай тербеліп,

Қоңыр күзде сен жыладың себепсіз.

Ал, Мен…

қарашада қайырсыз,

Қоңыр түнге жұтылдым,

Дерексіз…

 

Пессимистік ойлар

Бір өзеннен құлап аққан ойларым,

Төрт тармаққа бөлінді.

Жиренімді мамағашқа байладым,

Жеңілдім…

 

Иіре-иіре,

түтеленді үмітім,

Жоғалыпты тұмарым.

Əр кез сайын қайталанып өлі түн,

Азаптайды құмарым!

 

Бір қорқыныш көңіліме орнайды,

Иесіндей пәтердің!

Бозала таң азан даусы сарнайды,

Сен ақырын жөтелдің.

 

Мені өзіне баурайды да тұрады,

Иесі жоқ табыттар!

Кеше біреу себепсізден жылады,

Қорқыныш жоқ, қауіп бар.

 

Мен ылғи да Мунк салған бас көрем,

Айқайы тым жаңғырық!

Оу, ағайын бəріңізге ас берем,

Бір кітапқа көшкен күні мәңгілік.

Саспенс

Көз алдымда сәулененіп көшелер,

кірпігімнен кемпірқосақ шашырап,

бұлтсыз аспан астында,

нөпір халық арасында,

адасып барам,

оңтүстікке барарым белгісіз,

солтүстүкке барарым белгісіз,

батыс не шығысқа барарым белгісіз,

қараңғы тұман арасында қалқып барам,

бір кезде адам сенгісіз,

жаңғырған дауысқа жалт қараймын,

кесілген басты көрем әнтек жымиған…

бұл әлгі… айнымайды сайтаннан,

бұл әлгі.. айнымайды сұлудан…

жасыл тұман арасында сабылып,

көз бостандығы жүр,

сөз бостандығы жүр,

ой бостандығы жүр,

ақымақ бастан табылып…

үйрілген бұлт келеді қасыма,

бірақ бір тамсышысы да жаумайды,

бұл әлгі мені босатып алған,

аяғымды көз жасымен жуып,

шашымен кептірген,

күнәһар әйелден аумайды.

олар рахатын көріп жүр,

бұлар тістелген алма теріп жүр…

Ашылмаған алтыншы есікті,

ойларым жүр сығалап,

нөпір халық арасында адасып қалам,

кейде ескі үйлерді кетемін аралап.

жапырақ көлеңкесіне асылып,

Мунктың «айқайы» қарайды,

расында ол сұлу әйел екен,

тым болмаса өзін осылай санайды,

бұл әлгі… айнымайды сайтаннан,

бұл әлгі.. айнымайды сұлудан…

кетік тарақпен –

өспеген шашын тарайды.

Көз алдымда сәулененіп көшелер,

жаумаған жаңбыр астында,

жанарымнан кемпірқосақ шашырап,

аяғымның астына соқпақ жол боп төселер,

Бейкүнә көзқарас, кінәсіз көз жасы –

Сен мені кеше гөр,

сен мені кеше гөр!

 

мкр. ҚАЛҚАМАН

Олар…

Сауып ішіп арманын,

Жалғаннан үмітін үзбеген.

Олар…

Құлатпай қисайған қорғанын,

Ғұмыр сүріп келеді бізбенен!

Олар…

Жымыңдаған оттарды қызықтап,

Гүлдендіреді, көркейтеді Отанды!

Олар…

Кабактарда қызып қап,

Сөйлемейді бет алды.

Олар…

Ақынды да əкімді де білмейді,

Саясатың бір тиын!

Олар…

Жиі-жиі күлмейді,

Көшедегілер…

сұр киім…

Олар…

Тұрып келеді, сүріп келеді өмірін,

Бір аулада бір ауылдың баласы.

Тіпті бар ғой кірлетпеген көңілін,

Аузында бар Алласы мен тобасы.

Олар…

Кеше жұмысқа бармағандай

аялдамаға асығады,

Олар…

Түнде ештеңе болмағандай,

көлкілдеп іскен көздерін,

жастыққа тамған сөздерін,

Қоғамнан жасырады.

***

Біздің ғасыр цитаталар ғасыры,

Бұл өзі ақымақтау асылы…

Үрпек басты ойларымды қайтейін,

Қою түнде келетұғын жасырын.

Ми ішінде сұрақ жатыр көпіріп,

Тіл сөйлейді мінберлерден лепіріп.

Жүрек отыр сыра ішінен сығалап,

Азған жұртқа ақыл айтпақ кекіріп.

Озған елде көш бастаған аталық,

(Енді, міне, қарын сипап жаталық)

Байтал шауып бәйге алған кезінде,

Өз түсімнен оянамын қақалып.

Ары-бері сабылысып…

Ой аққан…

Семіз сөзден сығып қалсаң май аққан.

Бір кекілік қонып апты шатырға,

Өзі сондай қорықпайды таяқтан.

Біздің ғасыр көсем сөздер ғасыры,

Керенаулау митыңдайды ақырын…

Мына әлем ақиқатты күтіп жүр,

Өтіріктің жарып шығар жатырын.

Дереккөз: http://egemen.kz/