«Түрмеге қаматамын деп қорқытты»: Әлия Назарбаева 170 млн доллар тұратын бизнесті рейдерлік жолмен басып алды деп айыпталды
Бүгін ұлттық баспасөз орталығында “Әлия Назарбаеваның 170 млн доллар тұратын бизнесті рейдерлік жолмен басып алуы” бойынша баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогова мен Әлия Назарбаева рейдерлік жасады деп айыпталды.
Кәсіпкердің айтуынша, 2003 жылы Назарбаева өзінің ықпалын пайдаланып, құны 170 млн доллар (2003 жылғы бағам бойынша) болатын, құрамына жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекеті кіретін, жұмыс істеп тұрған бизнесті тартып алған. Ол бұрынғы кәсіп иелерін түрмеге қаматамын және физикалық күш көрсетеміз деп қорқытқан. Өтірік қоқан-лоқы жасап отырмағанын дәлелдеу үшін күндіз Алматы орталығында бизнес иелерінің бірінің әкесін ашық ұрлап әкеткен.
Оған қоса куәгерлердің сөзінше, ұрлауға күштік құрылым қызметкерлері қатысқан. Қылмысты ұйымдастырушылардың бірі – мемлекеттік қызмет атқарған Игорь Иванович Роговтың әйелі Валентина Рогова.
Айта кетейік, Игорь Рогов Қазақстан Республикасы конституциялық кеңесінің төрағасы, президенттің көмекшісі, президенттің кеңесшісі және басқа да көптеген мемлекеттік лауазымдар атқарған.
“Бас прокуратураға арыз жазылған, қазір ол активтерді қайтару комитетінің қарауында жатыр. Менің жанымда әзірге тергеу мойындамаған іс бойынша зардап шегуші Бимурзин Нұрлан отыр. Ол жағдайды сіздерге қысқаша түсіндіріп береді”, – деді баспасөз конференциясын ұйымдастырған қоғам қайраткері Жарқын Курентаев.
“Мен “Азия ӨӨК” ЖШС құрылтайшыларының бірі болдым. Оның құрамына 7 мұнай базасы, 96 жанармай құю бекеті кіретін.
Серіктесім екеуміз, яғни Медғат Қалиевпен бірге бұл күнді 20 жыл күттік. Себебі осы жылдар бойы біз отбасымыз бен жақындарымыздың өмірі мен денсаулығын ойладық, қорықтық. Бірінші кезекте соларға қауіп төнетін еді. Бәріңіз Назарбаев әулеті қандай болғанын білесіздер. Әсіресе Әлия Назарбаева. Сол себепті енді әділет орнауы керек, адамдар әр ісі үшін жауап беруі керек деп ойлаймыз.
19 ақпанда біз Бас прокуратураға арыз жаздық. Ол активтерді қайтару комитетіне жолданды. Жаңа Қазақстанға заң үстемдік ететініне сенемін”, – деп атап өтті Нұрлан Бимурзин.
Баспасөз конференциясын ұйымдастырушы Курентаев Әлия Назарбаева ұйымдастырған “детективке” куә болғанын айтты.
“2021 жылы Әлия Назарбаева кітап шығарды. Болат Әбілов айтқандай, осындай әйел бізді мейірімділікке үйретпек. Мен тапа-тал түсте Алматының ортасында каратэден екі дүркін әлем чемпионы, Еуропа чемпионы, кикбоксингтен әлем чемпионатының жүлдегерін ұрлап кеткеніне куә болдым. Екі шағын автобусқа мінген, құлаққап таққан, қарапайым киінген адамдар оны ұстап әкетті. Олар заңды күштік құрылым өкілдері болуы мүмкін. Менің қарапайым сұрағым бар. Әлия Назарбаеваның мұндай іске мемлекеттік күштік құрылымды тартуға қандай құқығы бар?”, – деп атап өтті Жарқын Курентаев.
Бұған дейін “Томирис» кітабының авторы Нұрсұлтан мен Әлия Назарбаевтарды сотқа бергенін хабарлаған едік.