Түркістаннан Ташкентке автобус қатынай бастады
Түркістан қаласынан Ташкент қаласына алғаш рет халықаралық бағыттағы автобус қатынай бастады
Шымкент, 11-желтоқсан – Sputnik. «Ташкент-Түркістан» бағытындағы халықаралық автобус Түркістан қаласынан жүре бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанның өңірдегі тілшісі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғаш рет «Түркістан-Ташкент» бағытындағы халықаралық автобус Түркістан қаласының «Алтын Орда» автобекетінен жүре бастаған. Бұл автобус жолаушыларды Өзбекстан астанасы Ташкент қаласының «Ташкент» автовокзалына дейін жеткізеді.
«Халықаралық автобус бағытын ашудағы мақсат – екі ел арасындағы сауда-экономикалық, туристік қатынастарды нығайту. Автобус бағытын қазақстандық «Бақдәулет Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өзбекстандық «Узавтотранс» мекемесі жүргізеді», — делінген хабарламада.
Автобус бағытының жалпы қашықтығы — 335 шақырым, жолға кететін уақыт – 6 сағат 40 минут. Екі бағытта күнделікті 2 автобус қатынайды. Жол ақысы Түркістаннан 2 мың теңге болса, Ташкенттен 50 мың сом мөлшерінде.
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 15-і күні Шымкентте алғаш рет екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Онда туризм саласын дамытуға аса мән берілген.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/