Түркістанда суши жеген 22 тұрғын уланып қалды

Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, қалада суши жеген 55 адам уланып, ауруханаға түскен. Сондай-ақ суға піскен күрішті шикі балықпен орап жегіштердің 22-сі әлі ем-дом алып жатқан жайы бар.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан тексеру басталғанын мәлімдеді.
— Түркістан қалалық орталық ауруханасына 22 науқас жатқызылды. Оларға «Тағамдық токсикоинфекция, болжамды жағдай» диагнозы қойылған. Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Барлығы жұқпалы аурулар бөлімшесінің оқшауланған палаталарға жатқызылып, ем тағайындалған, дәрі-дәрмек жеткілікті, — делінген әкімдік ақпаратында.
Айта кетейік, бұлан бұрын Түркістан облысында 102 адам туберкулез жұқтырғанын жазған болатынбыз.