Түркістанда Қытайдың екі зауыт салынады — Қоғам белсендісі
Қытайдың 56 зауыт жобасы Қазақстанда жүзеге аса бастады. Бұл туралы әлеуметтік желіге қоғам белсенділері дабыл қақты, деп хабарлайды KzNews.
«Көріп тұрғаныңыздай, Қытай өзінің 56 зауытын Қазақстан аумағына белсенді түрде салуға кірісті.
Түркістан облысында 2 бірдей зауыт салынатыны туралы облыс басшылығы мен қытай инвесторлары мәлімдеді. Еліміздің түкпір түкпірінде осындай келісімшарттар жасап жатыр» дейді қоғам белсендісі Жанболат Мамай.
«Ал енді бұл зауыттарды салатын кімдер? Сөзсіз, қытай жұмысшылары. Ол зауыт орналасқан жерлер кімнің меншігінде болмақ? Қытайдың. Себебі, Қазақстанда сонау 2003 жылы қабылданған Жер кодексіне сәйкес, өндірістік нысандардың құрылысын тұрғызу мақсатында жер шетелдіктерге сатылады. Демек, 56 зауыттың жері де Қытайдың меншігінде болады деген сөз.
Қашанғы бұған көз жұма, үндемей отырамыз? Қытайдың 56 зауыты — Қазақстанның жеріндегі троян аты іспеттес. Ол Қытайдың экономикалық жобасы ғана емес, саяси, демографиялық ықпалын арттыратын саяси құрал. Осыны түсінетін кез жеткен жоқ па?
Алаңға шығып, ашық талап қою керек. Қытайдың 56 зауытын тоқтатуымыз тиіс.
Сіз дайынсыз ба алаңға шығуға? Әлде бүгінгі тіршілікпен алданып, болашақты ойлауға мүмкіндігіңіз жоқ па?» дейді Ж. Мамай.