Түркістанда «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші өтті

0

Әдеби іс-шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзін орынбасары Мәлік Отарбаев оқып берді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында ұлттық тамырға терең бойлап, еліміздің қайраткерлері мен ұлы есімдерін дәріптеу мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте  ұлтымыздың рухани әлемінде өшпес із қалдырған Теріскей елінің тума талант иелері — көрнекті әдебиетшілер һәм даңқты қаламгерлер Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовтің алар орны ерекше. Теріскейден түлеп ұшқан  талант иелеріне, ұлттық әдебиетіміздегі ойып алар орны бар бірегей өкілдерін жас ұрпаққа насихаттап, есімдерін ұлықтау — баршамыздың парызымыз», — делінген облыс әкімінің іс-шараға қатысты жолдаған сөзінде. Ал Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасарлары Бақыт Беделхан мен Есенғали Раушанов ел сүйіспеншілігіне бөленген қос қайраткер туралы ақжарма тілектерін жеткізді, шығармашылықтарына тоқталды. Әдебиет сыншысы, филология ғылымының докторы Құлбек Ергөбек жазушы Тәкен Әлімқұловтың ақындық қырының құпиясына үңілді. Сондай-ақ жазушы Мархабат Байғұттың естеліктері көпшілікті бір серпілтіп тастады. Жиынға Тәкеннің жары Есімгүл апа, А. Сүлейменовтің ұлы  Әлішер қатысты.

Еске алу кеші барысында сөз алғандар қазақ әдебиетінің классик жазушысы аталған Тәкен Әлімқұловтың қаламынан шыққан туындылардың қай-қайсысын алғанда қарапайым қазақтың бейнесін, ұлттық болмысы мен мінезін, тіршілігі мен психологиясын анық көруге болатынын, астарлап жазудың шебері, сирек талант иесі, дарабоз суреткер екенін атап өтті. Әуелі ақын ретінде танылған Тәкен Әлімқұлов төл әдебиетіміздің қайнарынан, арғы-бергі шетел әдебиетінен сусындай жүріп әдебиет сынына, одан соң прозаға ат басын бұрды. Тілге деген көзқарасты жазушы әдеби сын мақалаларында, зерттеулерінде үнемі байқатып отырды. Шығармаларында тіл тазалығымен күй өнерінің қасиетін ерекше бағалады және еңбектеріне арқау етті. Тәкен Әлімқұловтың «Көк қаршыға», «Қараой», «Телқоңыр», «Жұмбақ жан» сынды еңбектері шоқтығы биік, дарыны мен жазушылық болмысын айшықтай түскен ерекше дүниелер. Сондай-ақ жазушы күйді және күйшіні прозада теңдесіз суреткерлікпен айшықтады.

Созақ ауданынан шыққан — сөз құлагерлерінің тағы бірі Асқар Сүлейменовтің прозалық туындылары, терең талдауларға құрылған сыни шығармалары, шабытты сәттері мен ішкі толқынысын паш ететін дүниелері оқырмандары жоғары бағалаған құнды мұра болып қалды. Оның драматургиясы мен шығармалары өзіндік даралығымен, тереңдігімен, көркемдік деңгейімен, жазылу үлгісімен ерекшеленеді. Жазушының өсіп-өнген жерінің мәртебесін парасат биігіне көтерген «Созақ – қария, Созақ – өнер, Созақ – мінез», — деген терең мағыналы теңеу сөздері бүгінде өңірдің өзіндік бір ұранына айналып отыр.  

Айта кетелік, бүгінде Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы лицей-интернат Тәкен Әлімқұловтың есімімен аталады. Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына орай, Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебіне Тәкен Әлімқұловтың атын беру жөнінде Президент Әкімшілігіне ұсыныс хат жолданған. Ал, Асқар Сүлейменов оқыған жалпы орта мектепке қаламгер есімі беріліп, ескерткіші орнатылған. Сонымен қатар Түркістан қаласында көше атауы берілген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/