Түркістанда мемлекет мұқтажына үйі алынған екі тұрғын өз-өзіне қол салмақ болды

0
146

Түркістан қаласында мемлекет мұқтажына үйі алынған екі тұрғын өз-өзіне қол салмақ болды. Оқиғаны қалалық баспасөз қызметі растады.

15 тамызда Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан қаласындағы екі тұрғынның өз-өзіне қол салмақ болған видеосы тарады. Видеода үйінің шатырына шығып алған ер адам газ баллонын жармақ болған. Ол үйінің сүрілуіне қарсылық білдірген. Үйді полиция қоршап, наразы адамды қала әкімі Рашид Аюпов төменге түсуін сұраған. Екінші видеода егде тартқан әйел үйінің ішінде пышақпен тамырын кеспек болған. Видеода әйелді полицейлер сабырға шақырғаны байқалады.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, видеодағы оқиға 14 тамыз күні болған. Тұрғындардың үйін мемлекет мұқтажына қайтару үшін сот шешімі шыққан. Олардың үйі 25 миллион теңгеге (шамамен 65 мың доллар) бағаланған. Бұл ақшаны азырқанған тұрғындар үйінің сүрілуіне қарсы болған.

«Тұрғындар аман. Олармен жұмыс жүргізілді. Екі отбасы да басқа үйге көшті. 15 тамыз күні екі үй де сүрілді» деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің дерегінше, бұл үйлердің орнына «Рухани-мәдени орталық» салынады. Оның жалпы көлемі – 98 гектар.

Azattyq