Түркістанда енесімен жанжалдасып қалған әйел сәбиін өзенге батырып өлтірген

0
157


Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қайын енесімен болған жанжалдан соң сәбиін суға батырып жіберген сарыағаштық тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

«Экспресс К» басылымының жазуынша, жантүршігерлік қайғылы оқиға Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құрқұлес ауылында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың 10 желтоқсанында 22 жастағы Аружан Әбдібек қайын енесімен жанжалдасып қалған соң, үш айлық қызын өлтіріп, артынан өзіне қол жұмсамаққа бел буады.

«Жас келіншек ауыл шетінде ағып жатқан Келес өзеніне батып өлмек болып, баласын құшақтаған қалпы суға түседі. Тек су деңгейі мойнына жеткенде ғана күрт тоқтап, ойланады. Өзеннің ортасында бірнеше минут тұрған әйел өзін өлімге қия алмайды. Ол жағаға қайта шыққанда баланың демі үзіліп кеткен еді», — делінген хабарламада.

Аружан Әбдібекке қатысты нәрестесін өлтіру фактісі бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастыратын қылмыстық іс қозғады. Тергеу аяқталысымен іс сотқа жіберілді.

Прокурор әйелдің бұрын сотталмағанына және өз әрекетіне өкінетініне қарамастан, оны 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетов айыптау тарапының ұстанымымен келісті.

Айжан Әбдібек жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды.