Түркістанда Елбасын екі мас қалай қарсы алды?

0

28 қыркүйекте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына барған. Ресми ақпарат көздері Елбасының халықаралық әуежайдың ашылуына қатысып, бірқатар нысандарды аралағанын хабарлады.

Елбасы Н.Назарбаевтың өзі осы сапарында былай деді: «Сол шешімнің арқасында екі жылдың ішінде бүкіл облыстың әкіміне әрқайсына тапсырма бергенмін. 169 ғимарат салынуы керек. Бір жылдың ішінде 1 млрд доллар инвестиция келді. Қаланы салмасақ, қайдан келер еді?».

Елбасы ежелгі қаланы аралап, қайта түлеген Түркістанды тамашалап жүргенде, Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ерекше екі іс қаралып жатты. Неліктен ерекше екенін сәл кейінірек баяндаймыз.

29 қыркүйектк Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы А.Б.Отаубаева әкімшілік құқықбұзушылық жасаған Еркін Байниязовтың ісін қарап, ұйғарым шығарған. Алайда Е.Байниязовтың өзі видео байланыс арқылы өткен сотқа қатыспаған. Сот оны күштеп әкелу туралы ұйғарым қабылдап, ұйғарымды орындауды Түркістан қалалық полиция басқармасына тапсырған. Ұйғарым түпкілікті және шағымдануға жатпайды.

Осы іспен қабаттаса сол күні тағы бір ерекше іс қаралды. Түркістан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Н.А.Ешпановтың өзі 1982 жылы туған Нұрбек Абуовті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 4-бөлігіне сай (Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) кінәлі деп тауып, оны 15 тәулікке қамау және 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы қаулы шығарған. Әбуовтың жазасын өтеу мерзімі 29 қыркүйекте сағат 18:28-ден бастап есептеледі. Сот қаулысы толық орындалса, Әбуов қамаудан ертең кешке шығуы тиіс.

Кінәлі екеудің бірі Е.Байниязов қашып кетіпті. Н.Әбуов қамауда отыр. Мақаланы неліктен Елбасының Түркістанға сапарынан бастап, екі «тентектің» әкімшілік ісімен жалғастырып отырғанымызды ішіңіз сезген болар. Байниязов пен Әбуов кім? Бұлардың ісін неге ерекше деп атадық? Енді сол туралы.

Түркістан халқы тайлы-тұяғымен жиналып, әкім-қаралар ұйқыдан айырылып, Елбасын күтіп жатқанда Түркістан облысы соттар әкімшісінің екі қызметкері Е.Байниязов пен Н.Әбуов удай мас күйінде көлікпен қала кезіп жүреді. Қуанғаннан ішті ме, әлде күйіктен «тартып-тартып» жіберді ме, ол жағы бізге белгісіз.

Белгілісі, ұрттап алып бір көшенің шаңын екінші көшеге қосып жүрген екеуді МКҚ – Мемлекеттік күзет қызметі ұстайды. Егер МҚК емес, жол полициясы қызметкерлеріне кезіксе, екі мастың мәселесі «оңтүстікше» қаралар ма еді, кім білсін. Буын-буыны әбден босаған екеу кімдерге тап келгенін түсінбеген сыңайлы. Өйткені масаң күйін куәландырудан өткізуден бас тартқан. «Оллаһи-білләһи, ішкен жоқпыз» деп ықылық атқан ғой.

Басты міндеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саналатын ерекше орган қызметкерлері екі маспен тәжіркелесіп тұрсын ба… екеудің ісі бірден сотқа жолданған. Алайда Е.Байниязов ебін тауып сытылып кеткен де, кінәсін мойындаған Н.Әбуов жазасын алды. Ертелі-кеш Байниязов та жазасыз қалмайтыны анық, егер ел аяғы басылған соң «көкелері» көмектеспесе.

Елбасы Н.Назарбаев немесе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан облысына барғанда арнайы органдардың жотасы үнемі терлеп жүреді. Өйткені өңірде лауазымды тұлғалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте қиын. Жол ережесін елей бермейтіндер көп мұнда. Бұған ұрттап алып көлікпен құйғытатындарды қосыңыз. Байниязов пен Әбуов сияқтылар Елбасы кортежінің алдынан қаңғалақтап шыға келсе, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Міне, «ерекше іс» деп ен тағып отырғанымыздың бір себебі осы.

Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісі Орынбасар Лештаевтың екі «сарбазы» осылай опынып қалды. Ал Лештаевтың өзі төрт айдан астам уақыттан бері жұмыста жоқ. Басшысы жоқ болған соң бағыныштылар еркінсімей қайтеді. Басшы қандай болса, қосшы да сондай болса керек-ті. Бұл енді басқа тақырып…

nege.kz