Түркістанда Батырбековтің жақтастары сот қаулысының оқылуын талап етіп тұр
«Жала жабу» және «Қорлау» бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің жақтастары 8 қаңтарда Түркістан облыстық сотында апелляциялық шағымға байланысты сот қаулысының оқылуын талап етіп тұр. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.
Қазақстанның әр аймағынан келген Батырбековтің ондаған жақтаушысы сот ғимаратының күту залында журналиске қатысты сот қаулысы бүгін, 8 қаңтар оқылсын деп талап етеді. Сот алқасы сағат 17.00-де Батырбековтің соттағы соңғы сөзінен соң үкім 9 қаңтар күні таңғы сағат 10.00-де оқылатынын айтты. Алқа төрағасы Таубай Қадырбаев қаулыны оқуды кейінге қалдыру себебін жұмыс уақытының бітуіне бір жарым сағат қалғанымен түсіндірді.
Батырбековтің әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұрадованың айтуынша, журналиске қолдау білдіру үшін Қазақстанның әр аймағынан бірнеше белсенді 5 қаңтарда келген. Үш күннен бері қонақүйде түнеп, бірнеше рет жол жүру билеттерін алмастырған.
«Біз Амангелдіні ақтап бер деп тұрған жоқпыз. Тек ақ қар, көк мұзда халықты ары-бері сандалтпай қаулыны бүгін оқылуын сұрап тұрмыз. Уақыт керек болса күтеміз» деді Батырбековтің жақтаушысы зейнеткер Алғыбай Әшірқұлов.
Жиналғандардың талабын тыңдаған күзетшілер олардың уәждерін сот әкімшілігіне жеткізгенін, кеңесу бөлмесіне кеткен судьялармен ешкім байланысуға болмайтынын хабарлады. Талап етушілер «баратын жеріміз жоқ, соттың күту бөлмесінде сот үкімін таңға дейін күтеміз» деп күту бөлмесіне кірді.
Күту бөлмесінде отырған Батырбековтің жақтастарын полиция сырттан бақылап тұр.
8 қаңтарда Батырбековтің апелляциялық шағымы бойынша кезекті сот отырысы таңғы сағат 11.00-де басталған. Сот тергеуін аяқтаған сот алқасы түске дейін жарыссөзді өткізді. Жарыссөзде айыпталушы тарап «айыптау үшін дәлелдемелер жеткіліксіз» екенін айтып журналисті ақтауды, ал жәбірленуші тарап Сарыағаш аудандық сотының үкімін күшінде қалдыруды сұрады.
Облыстық сот журналисттің апелляциялық шағымын 13 қараша күні қарай бастаған.
23 қыркүйек күні Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековты Қылмыстық Кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Оның үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған.
Түркістан облыстық соты Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқанда «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева да журналистің үстінен «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша Сарығаш аудандық сотына шағымданған. Дарханбаева Батырбековпен бірге «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» тағы бес адамды сотқа берген. Олардың ішінде Батырбековтің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар.
Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Мәселен, Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы (RSF)мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтанды Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.