Түркістанда балалар асыға күткен Президент шыршасы өтті

0

Өңірдегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан үздік оқушылар қатысқан мерекелік шарада Елбасы атынан әр балаға ноутбук, қыстық киімдер мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атауымен ұйымдастырылған шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балалармен бірге лед-экраннан Елбасының құттықтау сөзін тыңдап, шырша шамын жақты. «Бүгін, Сіздер, елімізде үрдіске айналған «Президент шыршасына» қатысудасыздар! Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның жарқын болашағы — Сіздерге деген үлкен құрметі. Сіздердің білімді, парасатты, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасып, заман ағымына бейімделгіш, бәсекеге қабілетті болып жетілулеріңіз үшін мемлекет барлық мүмкіндіктер мен игі шараларды атқаруда және атқаратын болады!», — деді Ж.Түймебаев.

Айта кетелік, бүгінде өңір балалары бюджеттен 748,0 млн.теңгеге 128 мектепке сатып алынған робототехника кабинеттерінде компьютерлік бағдарламалау дағдыларына, қарапайым алгоритмдер құрастыруға, Web-сайт және компьютерлік ойындар мен анимацияларды құруды еуропалық стандарттармен үйренуде. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап облыста «KazRobosport» чемпионаты мен «KazRoboproject» ғылыми-техникалық жобалар конкурсы өткізілуде. Жеңімпаздар республикалық чемпионатқа қатысып, командалық жүлделі 2-орынды иеленді. Ал еліміздің мектеп және колледж оқушылары арасындағы IX жазғы спартакиадаға қатысқан Түркістан облысының оқушылары жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада Түркістан облысынан қатысқан оқушылардың 25-і жүлдегер атанды. Білімімен осындай биіктерден көрінген оқушылар арасында Президент шыршасына қатысушылар да бар.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/