Түркістанда Ауған соғысының ардагерлеріне арналған шара өтті

0

Аталған шараға ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев және соғыс ардагерлері, облыстық, қалалық депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгін Түркістан қаласындағы Жеңіс саябағында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты іс-шара өтті.

Аталған шараға ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев және соғыс ардагерлері, облыстық, қалалық депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Жыл сайын Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке келіп, өмірден озған қандастарымыздың рухына тағзым еткеніміз жөн. Себебі, қан майданда борышын өтеп, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осындай шараларды жиі өткізіп тұрғанымыз дұрыс. Өйткені, келер ұрпақтың санасына сіңіріп, өткенді бағалаудың алар орны ерекше. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев.

Іс-шарада ардагерлер мен елағалары да сөз сөйледі. Тарихтан сыр шерткен ауған соғысының батырлары, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жағымды жаңалықтарымен де бөліскенді жөн санады. Мәселен: жыл басталғалы атқарылған 8 іс-шараның барлығы жастарға патриоттық тәрбие беруде қолға алынғанын атап өтті. Жақында ғана қыздар арасында баскетболдан ұйымдастырылған халықаралық турнир соның бір айғағы. Жалпы салмақты спорттық сайыстар мен тәрбиелік мәні зор кездесулер жиі ұйымдастырылуда. Осылай деген ауған соғысының ардагерлері өткізіліп жатқан әртүрлі іс-шараларға қолдау білдіріп отырған облыстық ішкі саясат басқармасына алғыстарын білдірді. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1227 ауған соғысының ардагері бар. Кездесу барысында соғысына қатысқан ардагерлер облыстық мәслихат пен облыстық әкімдіктің Алғыс хаттарымен марапатталды. Шара соңында жиналғандар мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жауынгерлер рухына тағзым етті. Сонымен қатар арнайы дастархан жайылып, дүниеден өткен қаруластардың рухына құран бағышталды.