Түркістанда «Agrofest – 2018» фестивалі өтті

0

Бұл жетістіктер Түркістан қаласында алғаш рет өткен «AGROFEST-2018» ауыл шаруашылығы фестивалінде айтылды. Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары қатысқан мерекелік жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев 500 мың тоннаға жуық өнімдер Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілгенін атап өтті. «Қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жетіп, елдегі жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы Түркістан облысында өндірілді.

Республикадағы салынған жылыжайлардың 77 пайызы, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы да біздің өңірге тиесілі. Облыста алғаш рет 6,2 мың тонна ет экспортталып, республика экспортының 41 пайызын қамтыды. Мұның барлығы Сіздердің еткен еңбек, төккен термен келген жетістіктер деп айтуға толық негіз бар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Фестиваль барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде 182 тонна табиғи таза өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағада саудаланды. Қонақтар үшін 1 тонна палау мен 1 тонна бауырсақ дайындалып, көпшілікке тегін таратылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында белсенділік танытып, үздік көрсеткішке қол жеткізген аудан, қалалар және жеке шаруалар «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 21 номинация бойынша марапатталды. Одан бөлек, аудан — қалалар арасында 16 бағыт бойынша үздіктер анықталды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы