Түркістанда 5 жасар қыздың өлімінен кейін қызметінен кеткен сот төрағасы судья лауазымына тағайындалды
Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген ер адамға одан бұрын жеңіл үкім шығарған аудандық соттың бұрынғы төрағасы Нұрғазы Шетенов жаңа лауазымға ие болды.
Аталған оқиғадан кейін аудандық сот төрағасы Нұрғазы Шетенов қызметінен өз еркімен кету туралы арыз жазған болатын.
22 қыркүйекте Жоғарғы сот кеңесі президентке Шетеновті «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңның 34-бабы негізінде осы соттың судьясы қызметіне қалдырып, аудандық соттың төрағасы қызметінен өз еркімен босатуды ұсынған.
Шетеновтің судья болып тағайындалғанын Түркістан облыстық соты растады. Ол қазір денсаулығына байланысты «еңбекке жарамсыздық парағымен» демалыс алды.
Шетенов өзі жайлы даулы пікірлерден кейін, 7 қыркүйекте өз еркімен жұмыстан кету жөнінде өтініш жазған.
– Жоғарғы кеңестің ұсынысы бойынша президент жарлығымен Нұрғазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды, содан кейін осы соттың судьясы қызметіне қайта тағайындалды, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
ақпарат, фото: Nege.kz