Түркістан – ұлы дала мекені
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды», – дей келе, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыпты әрі дұрыс пайымдау керек екенімізді еске салды. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарап, дұрыс ұстаным қалыптастырып, сол арқылы түп-тамырымызды білуге, оның күрмеулі түйінін оң шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет басшысы қандай бастама көтерсе де ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан төл мәдениетімізбен тығыз байланыстыра отырып, маңызды қадам жасауды үлгі етіп келеді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» аталған алғашқы тарауы да түрлі қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғаларды, сұрапыл соғыс пен қақтығыстарды бастан өткерген қазақ елінің атқа міну мәдениетінен басталады.
Тарихтан белгілі, Алтайдан Атырауға, Ертістен Еділге дейін созылып жатқан ұлан-байтақ даланы бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ат үстінде қорғады. Түркістаннан – Түркияға, Үндістаннан – Араб еліне, Сахарадан – Еуропаның Италия, Франциясына дейін атпен барып, ұрпақ өрбітті. 1920 жылы малы мыңғырған кейбір байлардың 40 мыңға дейін жылқысы болса, қазақ даласында жалпы саны 20 миллиондай Қамбар ата түлігі болғаны туралы деректер сақталған. «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазаққа ғана емес, түркітілдес мемлекеттердің тұрмыс-тіршілігінде де төрт түліктің төресі айрықша қастерлі.
Қазақстан Президенті де – бала кезден ат құлағында ойнаған, әлем лидерлерінің арасында салауатты өмір салтын ұстанған бірден-бір мемлекеттік тұлға. Теннис, гольф ойнауды ұнатады, тау шаңғысын жақсы көреді және атпен серуендеуді дағдыға айналдырған. Ат жалын тартып мінгелі бүкіл ғұмыры ат үстінде өтіп келеді десек те артық айтпаймыз.
Даңқты спортшыларға қамқорлық танытып, жеңісті сәттерде қолдау білдіріп, спорт саласына әрдайым көңіл бөліп отырады. Әрбір облыста стадиондар мен спорт кешендерін салып, жастардың спортпен айналысуына барлық мүмкіндік жасалуын назарда ұстайды.
Сондықтан болса керек, мақалада «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны» екенін айта келе, атқа міну мәдениетінің жылқы малын тектілікке балайтын қазақ үшін алатын орнына тоқталады.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты, сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі», – деп тұжырымдаған.
Түркістан облысында жылқы шаруашылығы, ұлттық ат спорты, атқа міну мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Бүгінде облысымызда 300 мыңнан аса жылқы бар. Соңғы 5 жылда Қамбар ата түлігі 25 пайызға көбейді. 2025 жылға қарай жылқы санын 450 мың басқа жеткізу көзделіп отыр.
Ат – мініс көлігі әрі қымызы мен саумалы – дертке дауа, жанға шипа. Ат спортын дәріптеу, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер, түрлі қашықтықтағы атжарыстар мен аламан бәйгелер өткізіліп тұрады.
Мәселен, биыл Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындық» фестивалінде қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығы насихатталды, саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз түрлері таныстырылды.
Салт-дәстүріміздің ішінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз бен қасиетті Құрбан айттан бірде-бір кем түспейтін ұлттық мереке әзірге халықтық сипат ала қойған жоқ. Сондықтан фестивальді жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырып, халықаралық деңгейге көтереміз деген сенім бар.
Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға негізделген спорт мектебі жұмыс істейді. Көкпаршыларымыз Азия, әлем чемпионаттарында топ жарып, ұлттық құраманың жеңісіне сүбелі үлес қосты. Аудандарда жыл сайын ірі көкпар бәсекелері өтіп тұрады. Таяу жылдары ат спортын дамыту үшін Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай атшабар салынады.
2019 жылы «Сәйгүліктер» фестивалі қолға алынып, ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, сондай-ақ ат әбзелдері, атты жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы ұйымдастырылады.
Деректерге үңілсек, саятшылық өнердің үш мың жылдық тарихы бар екен. Жошы хан – 3 мың қыран, Абылай хан 500 бүркіт, 300 қаршыға, сұңқар ұстағаны жайында мәлімет сақталған. Абай, Шоқан, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Иманжүсіп, Сәдуақас Шорманов та ит жүгіртіп, құс салған.
Осы орайда бабалар ізін жалғайтын облыстық «Салбурын» – саятшылық мерекесінің де жылқы мен құсбегілік өнерге деген қызығушылар санын арттырып, ұмытыла бастаған салт-санамызды қайта жаңғыртары сөзсіз.
Елбасы мақаласында ата-бабаларымыздың жаңа, неғұрлым берік металл өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқаны да қамтылған.
Дала өркениеті технологиялық тұрғыдан кетпен, қайла, күрек тәрізді еңбек құралдары мен семсер, қылыш, қанжар, сауыт, сүңгі, садақ сияқты қару-жарақ, қазан-ошақ дайындайтын темір ұсталары, үй жиһаздары мен ат әбзелдері, әшекей бұйымдар соғатын зергерлердің пайда болуынан бастау аларын бағамдаймыз. Біздің сөзімізге археологиялық қазба кезінде Отырар қаласынан табылған сегіз қырлы қола білезік, шекелік, араб жазуы жазылған көркем белдік дәлел болса керек.
2019 жылы Түркістан облысында «Шығыс базары» фестивалін өткіземіз. Темірден түйін түйген ұсталар мен зергерлердің қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасаған әшекей бұйымдарын көрмеге қоятын боламыз, соңы тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесіне ұласады.
«Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі», – дейді Президент. «Көктем аруының» ең әдемі түрлері Түркістан облысындағы Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарындағы таулы аумақтарда кездеседі. Шұбайқызыл шоқысынан еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг түрін таба аласыз. Биыл бірінші рет Түлкібас ауданында «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін лала гүлдерді қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» фестивалі өткізілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында қызыл кілемге оранғандай әсем алқап көрінісін 5 мыңға жуық адам тамашалады. 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар мекені бұрын «Красная горка», кейін «Қызыл төбешік» деп аталды. Қазір жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді және аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Келесі жылы бұл фестивальдің халықаралық маңызын арттырып, деңгейін көтереміз. Оған мыңдаған саяхатшы келетін болады. Сондай-ақ Nomad explorer экспедициясынан 1,5 мыңдай қазақстандық және шетелдік туристер тартылады деп күтілуде.
Қазақстан әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналса, Түркістан облысы республика бойынша алма өсіруден бірінші орында тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Биыл 116 мың тонна жеміс-жидек жиналса, соның 92 мың тоннасы – алма. Облыста өсіріліп қана қоймай, елімізден бөлек шетелге де экспортталуда. Алдағы уақытта алма бақтарын көбейту, оны терең өңдеу бағытында жұмыстар атқарылады.
Елбасы мақаласында Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керектігіне баса мән берді.
«Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем үлгі етуге лайық тұлғалар» деп, ел тарихы мен тарихи тұлғаларын көркем және анимациялық фильмдер арқылы дәріптеуді тапсырды. Осыған сәйкес, «Ордабасы – бірліктің туы», «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмі, 10 сериялы «Төле би» телехикаясы жақын күндері жұртшылық назарына ұсынылады. «Қожа Ахмет Яссауи өмірі» және «әл-Фараби» атты 10 сериялы, «Түркістан қаласының тарихы» туралы 5 сериялы, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті кейіпкері «Қамбар батыр», сондай-ақ «Сауран қалашығы» туралы анимациялық фильм түсіру жоспарлануда.
Бұған дейін Түркістан облысында тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм түсіріліп, республикалық деңгейде көрсетілген болатын.
ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет түсірілген деректі фильм және «Бәйдібек би» анимациялық фильмі көпшілік көңілінен шықты деген сенімдеміз.
Мемлекет басшысы ел тарихындағы құнды құжаттарды зерттеу, архив саласын дамыту мәселесін де қозғады. «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» дей келе, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажеттігін күн тәртібіне қойды.
2019 жылы «Архив – 2025» бағдарламасы аясында облыста 1,5 миллионға жуық іс құжатты цифрландыру жоспарланып, оған облыс бюджетінен 125 миллион теңге бөлініп отыр. Түркістан тарихын тереңінен зерттеу мақсатында алыс-жақын шет елдердің архивтеріндегі құжаттарымен танысу мәселесі де қолға алынады.
Биыл халық ауыз әдебиеті бойынша «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз – әпсаналар» жинағы мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» атты екі кітап шықты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау керектігін атап өтіп, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін түзуді тапсырған еді. Осыған сәйкес, «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» жинағында Сайрамдағы сансыз баб, Түркістандағы түмен баб, бабтардың бабы – Арыстан баб сияқты киелі орындарды фотоальбомға топтастырдық.
Қожа Ахмет Яссауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Аппақ Ишан сәулет кешені, Баба түкті Шашты Әзіз, Қарабура әулие, Домалақ ана кесенесі туралы мәліметтер жастарға елін, жерін кіршіксіз сүюге, тамырлы тарихын терең білуге мүмкіндік бермек.
Сауда мен қолөнердің орталығы – Отырар қалашығы, Ақ орданың астанасы – Сауран, қола дәуірі мен темір ғасырының басында тасқа қашалған Боралдай және Қаратау тауларындағы Келіншектау жотасының баурайында орналасқан Арпаөзен петроглифтері ұрпақ танымын кеңейтіп, ой-өрісін өсіре түспек. Нұх пайғамбардың кемесі қалған қасиетті Қазығұрт қорғаны, аңызға толы Ақмешіт үңгірі, сирек кездесетін, жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің бай қазынасы Ақсу-Жабағылы қорығы, жерасты тауларымен, көркем пейзажымен, қайталанбас ландшафтымен баурап алатын Қасқасу шатқалы, Қаратау мемлекеттік қорығы, суы емдік қасиетке ие Қызылкөл, 500 жылдық тұт ағашы өсіп тұрған Қарнақ қалашығы сияқты туған жердің тау-тасын, өзен-көлін кейінгі буын біліп өсуі тиіс.
Алдағы уақытта Түркістан өңірінің дәстүрлі музыкасы, жыр, термелері де жинақталады. Өкінішке қарай, жыраулар поэзиясының белді өкілі, халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығы толық зерттеліп, мақамдары әлі күнге нотаға түсірілген емес, СD дискісін шығару жұмыстары түбегейлі қолға алына қойған жоқ. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтырып, өңірдегі өзге де айтулы тұлғаларымыздың аты айшықталатын болады.
Қаратау күйшілік өнерінің бастауында тұрған Сүгір Әлиұлының еш жерде жарияланбаған, бұрын-соңды ешкім естімеген күйлерінің ноталық жинағын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев архивтен аршып алып отыр. Классик жазушы Мұхтар Әуезов «Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме» деп лайықты бағасын беріп кеткен бірегей күйші мен ізін жалғастырушы шәкірттерінің СD альбомын халыққа тарту ету қазақ мәдениетіне қосылған үлкен қазына болары сөзсіз.
Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында көрсетілген Жастар жылына орай да 2019 жылы кешенді іс-шаралар жоспары жасақталуда. «Түркістан тұнған шежіре тарихы», «Түркі жастарының конгресі», «Орта Азия жастарының форумы», «Хан тұрағы», «Күлтөбе», «Тәуелсіздік таңы – жастармен», «Жаңа ғасырдың – жастары», «Түркістан – ынтымақ пен бірліктің мекені» тақырыптарында форумдар, конференциялар, кездесулер, семинарлар өз жемісін береді деген үміттеміз. Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарының Түркістандағы күндері де аймақаралық байланыстар мен мәдени қарым-қатынасымызды тереңдете түсері сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл қыркүйек айында аймаққа жасаған жұмыс сапары кезінде, жергілікті тұрғындармен кездесіп, Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәнін түсіндірген еді. Қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеріп, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірген.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да «Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті.
Сондықтан жоғарыда атап көрсетілген жұмыстардың барлығы Түркістанды түлету, түркі дүниесінің орталығына айналдырып, халықаралық маңызын күшейту мақсатында іске асатын болады.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Түркістан облысының әкімі,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы