Түркістан тауларында жоғалған туристердің заттары табылды

0

Құтқарушылар Түркістан облысында жоғалған туристердің заттарын тапты.

«Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төлеби ауданы Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған жерінен 500 метр жерден (жемпір, резеңке шәрке, ұйықтайтын қап) заттар табылды. ТЖМ құтқарушылары табылған сөмкені полиция қызметкерлеріне тапсырды. Жоғалған туристердің бірінің анасы ұлының заттарын таныды», — деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

 

Қазіргі уақытта жоғалған екі туристерді іздеу жалғасуда. Өңірде «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жүргізілуде.

Іздеу операциясы 15 күннен бері жалғасып жатыр.

«Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ және полиция департаменттерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Орман шаруашылығының, Өзбекстан Республикасы ТЖМ-нің 137 қызметкері, 17 техникасы, бір тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағыт бойынша жүргізілуде», — деді Уәли.

Естеріңізге сала кетейік, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жеті адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама 25 мамырда кешке келіп түсті. Белгілі болғандай, 21 мамырда туристер Сары-Айғыр шатқалына жаяу барған және 24 мамырда қайтуы керек болған. Жоғалғандардың үшеуі аман-сау табылған.

Кейін тағы екі адамның денесі табылды.