Түркістан соты «бала зорлады» деп айыпталған оқушының үкімін өзгертпеді
Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сарыағаш ауданы Абай ауылында «жеті жасар баланы» зорлады деп сотталған оқушының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Сотталушының заңды өкілі, шешесінің айтуынша, аппеляциялық сот баласының кінәсіздігін дәлелдейтін сараптама қорытындысына мән бермеген. Ол баласын кінәсіз деп санайды және кассациялық сотқа шағым түсірмек.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 10 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде 8-сыныпта оқыған жасөспірімді «бала зорлады» деп айыптап, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуі тиіс.
2018 жылы 13 наурызда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте «ұрып, зорлағанын» айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда арызын қабылдағанын жеткізген.
Кейін аудандық білім бөлімі «сараптама қорытындысы зорлау оқиғасының болмағанын анықтады» деп мәлімдеген. Айыпталушы мен жәбірленуші оқыған мектептің ұжымы да «бала зорлау оқиғасын» жоққа шығарған. Жәбірленуші баланың туыстары тәуелсіз сараптама жасауды талап еткен. Бұл хабар әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда қызу талқыланған.
Былтыр тамызда Қазақстан бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысы (бұрынғы – Оңтүстік Қазақстан облысы) Абай ауылында «зорланған бала» ісі бойынша 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген. Оларға Қырғызстан, Ресей мен Грузия мамандары қатысқан.
«Бала зорлады» деп төрт күдікті ұсталған. Бірақ үшеуі 14 жасқа толмағандықтан оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.