Түркістан-Самарқанд бағытында автобус жүре бастады
14 сәуірде Түркістан-Самарқанд бағытындағы халықаралық автобустың алғашқы жолаушылары Самарқандқа жетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус күн сайын кешкі сағат 18:00-де жүреді. Жолаушыларды Түркістан қаласындағы «Алтын Орда» автовокзалынан Самартқандтағы «Самарқанд» автовокзалына алып барады. Жолда Шымкент қаласына, Өзбекстанның Гүлістан және Жыззақ қалаларына аялдайды. Жол ақысы – төрт мың теңге. Билік өкілдерінің айтуынша, Түркістан-Самарқанд бағытындағы автобус елге келетін туристер санын арттыруға көмектесуі тиіс.
2018 жылы 10 желтоқсанда Түркістан-Ташкент бағытындағы автобус жүре бастаған. Бұған дейін билік өкілдері екі ел арасында қатынайтын автобустар шекарадан кедергісіз өтеді деп мәлімдеген. Қарашаның 15-і күні Шымкентте алғаш рет екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен.
Бүгін, 14 сәуір Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары жоспарланған.