Түркістан қаласының тұрғыны 250 теңгенің сусыны үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды — новости Казахстана
Түркістан қаласының 31 жастағы тұрғыны Бабыр көшесінде орналасқан азық-түлік дүкенінен «Дизи» сусынын ұрлағаны үшін кінәлі деп табылып, екі жыл алты айға бас бостандығынан айырлған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Түркістан қаласының тұрғыны Отобек Бұхарбаев 22 сәуірде Шпан ауылындағы азық түлік дүкенінен қарызға сусын алмақ болған.
Сотталушының әкесінің сөзіне қарағанда, қарызын қайтармақ болған ұлын дүкендегілер соққыға жығып, «зорлық жасамақ болды деп» жала жауып, тәртіп сақшыларына ұстатып жіберген.
«Кешкісін екі немереммен, өзінің екі баласымен келе жатып дүкеннен су алмақ болған ұлым қарызға сұраған. Кейіннен теңгесін қайтармақ боп барғанда «ұрладың» деп жала жауып, жабылып ұрып тастаған. Өздерінің жабылып ұрған қылмысынан тайқу үшін ұлыма тағы зорлық жасады деп те жала жауып отыр. Оның ешқандай да зорлық жасамағанын сотта алқа билер ақтады», — дейді сотталушының әкесі Анарбай Бұхарбаев.
Айта кетейік, сотталушыға қылмыстық кодекстің 121 бабының 4-ші бөлігімен, яғни кәмелетке толмаған балаға жыныстық сипаттағы зорлық жасамақ болды деп айып тағылған болатын. Дүкендегі 2008 жылы туған сатушы ер балаға «сексуалды сипаттағы әрекеттер жасады» деген айыптан азаматты сотқа қатысқан алқа билері ақтап шыққан.
Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 27-қыркүйек күнгі үкімімен сотталушы Отобек 250 теңгелік сусынды ашық жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Мен бұл үкімді әділетсіз деп есептеймін. 250 теңгенің заты үшін екі жарым жыл темір торға қамау керек пе?! Ұлым сегіз айдан бері қамауда жатыр. Жала жапқан дүкендегілердің соққыға жыққанын да дәлелдей алмадық. Менің ұлыма оқиға болғаннан кейін тек бір аптадан кейін ғана сараптама жасалған. Онда да біздің талап етуімізбен. Сараптама нәтижесі «жеңіл жарақат» деп берді. Басы ісініп кеткен еді негізі», — деп шырылдайды сотталушының әкесі.
Айта кетейік, 250 теңгенің сусыны үшін екі жарым жыл өмірін темір торда өткізу жазасына кесілген сотталушының ата-анасы апелляциялық шағым келтіріп отыр.