Түркістан облысының этномәдени бірлестіктері ет асу жарысын өткізді
Бiрегейлiк пен бірлікті, этносаралық келiсiмдi қамтамасыз етуді көздеген шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, «Аналар кеңесінің» құрамы, облыстық ҚХА құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, аудан, қала делегациялары қатысады.
Дөңгеленген дастархан басында бірге отырып, адал астан дәм татқан адамдардың достық қарым-қатынасы нығая түседі. Ұйымдастырушылар «шараның мақсаты жеңімпазды анықтау емес, барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру», дейді.
Біздің өңіріміз қолайлы климатпен ғана емес, сондай-ақ жомарттық пен қонақжайлылықпен ерекшеленеді. Өңір басшысының құттықтауын жеткізген Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілі Мадина Камеденованың айтуынша, дәстүрлі «Қазақ дастархандары» фестивалі өңіріміздегі этностар арасында татулық пен достықтың айғағы.
-«Біздің міндетіміз — қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырып қана қоймай, қазақ мәдениетімен әртүрлі этномәдени орталықтар құру, оларды бір бастамамен біріктіру», — деді ол.
Әртүрлі этнос өкілдері қазақ ұлттық тағамдарын дайындауға атсалысады. Олар ет асып, дастархан дайындап, қонақтарды ұлттық дәстүрмен күтіп алады. Байқау жеңімпаздарын анықтауға ақсақалдар алқасы мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасы төрағалық етеді.
Сайысқа қатысушы этнос өкілдері «Қазақ дастарханы» дегенді қалай түсінетінін, өз деңгейінде көрсете білді.
Олардың ішінен үздігін анықтау да оңай болмады. Дегенмен, қазылар алқасы дәмді аспен бірге қазақы салт-сананы да бойына сіңірген этнос өкілдерінің барлығын сый-құрметке лайық деп таныды.
«Қазақ дастарханы» фестиваліне Түркістан облыстық этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан қалалардағы филиалдарына жалпы 14 команда (10 этномәдени бірлестік, 4 аудандық филиал ) қатысқан болатын.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге облыстық иран этномәдени бірлестігі лайықты деп табылды. І орынды Сайрам аудандық филиалы, ІІ орынды түрік этномәдени бірлестігі мен тәжік этномәдени бірлестігі иеленді. Ал, ІІІ орынды Төлеби аудандық филиалы, өзбек және славиян этномәдени бірлестіктеріне бұйырды.Сайыс жеңімпаздарына алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Берекелі жиынға қатысқан өңір тұрғындары этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»