Түркістан облысының әкімі халықты дүрбелеңге салынбауға шақырды

0
82

Өңір басшысы егер Өзбекстан су қоймасынан басқа су келмейтін болса, одан әрі эвакуациялау жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенді су басу жағдайы бақылауда екенін айтып, тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға шақырды.

«Қазір ең бастысы – тынышталу. Өткен түні кейбір тұрғындар дүрбелеңге түсті, олар көліктерге мініп, тым-тырақай қашқан. Мұны тоқтату керек. Бәрі бақылауда. Жағдай қиын екені түсінікті, бірақ бұл мәселені біз шеше аламыз», – деп мәлімдеді Өмірзақ Шөкеев.

Кеше Өзбекстанның Сардоба су қоймасында бөгет бұзылғаны хабарланды.

«Осыған байланысты Мақтаарал ауданының бірнеше ауылдық округінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай туындады – су алқаптар мен бірнеше елді мекенді басып қалды», – деді әкім.

Оның айтуынша, бір түнде Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Сардоба және Нұрлы жол елді мекендерінен 5 400 адам эвакуацияланды.

«Су басу аймағына жақын басқа елді мекендерді қорғау үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Қазір аумақты аралап ұшып жатырмыз, көрші елден алынған ақпараттың рас екендігіне көз жеткізуіміз керек. Егер бұл ақпарат дұрыс болса, егер басқа су келмесе, эвакуациялауды жалғастырудың қажеті жоқ», – деп атап өтті Шөкеев.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы екі ауыл су астында қалды

Осыған байланысты ол Мақтаарал ауданының тұрғындарына үндеу жасады.

«Біз бәрін бақылауда ұстаймыз, егер су әлі де ағып келіп жатқанын көрсек, онда адамдарды, малды шығаруға өзіміз көмектесеміз, барлық үй мен мүлікке күзет қойылады», – деп атап өтті әкім.

Елді мекен әкімдеріне тізімдер жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, эвакуацияға дайындалу тапсырылды.

«Эвакуация бұйрық бойынша жүргізілуі керек. Егер су келмесе, эвакуацияны одан әрі жалғастырудың қажеті жоқ», – деп қайталады әкім.

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, 2020 жылдың 1 мамырында таңғы сағат 05:10-да Сардоба су қоймасы бөгетінің төменгі бөлігі шайылып кетуіне байланысты Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы Сардоба ауданының аумағында су жайылған.

Негізгі су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты. Осыдан соң Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара коллекторлары толып кетті, бұл судың каналдан шығып, Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерін басып қалуына әкеп соқтырды.

Сырдарияда бөгет бұзылды

Еске сала кетейік, Өзбекстанның Сырдария облысында су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан екі бала көз жұмды, 56 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға түсті.

Бөгеттің бұзылуы салдарынан елді мекендерге, коммуникациялар желілері мен ауыл шаруашылығы жерлеріне үлкен шығын келді. Тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды су басты.

Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ағынды су канал арқылы Арнасай көліне ағызылды. Бөгет бұзылған жерде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су қоймасы маңында тұратын 70 мыңға жуық адам қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. Эвакуацияланған адамдар тамақпен, дәрі-дәрмекпен, демалуға арналған орындармен қамтамасыз етілді.

Оқиға орнына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келді, үкіметтік комиссия құрылды.



sputniknews.kz