Түркістан облысындағы жалғыз жетімдер үйі толығымен жабылады

0
290
Кеше Түркістан облысының әкімі 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді. Былтыр ғана құрылған жаңа облыстың әкімі Жансейіт Түймебаев өткен жылда атқарылған бірқатар жұмыстарға  тоқталып, биылғы Жастар жылында Елбасының отбасы институты мен оның құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті.

 

Сондай-ақ, ол есеп беру кезінде биылғы жылы Түркістан облысындағы жалғыз балалар үйінің “Отбасы үйі” форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатынын айтты

Облыс әкімінің айтуынша,  дәстүрлі отбасылық құндылықтар сақталған Түркістан аймағында көпбалалы отбасылар ұлттық демографияға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Олардың ішінде 16 500 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Және биыл көпбалалы отбасылар мен жұмыссыз ата-аналарға әлеуметтік көмек көрсетілетін  “Қолғабыс” жобалар кешені жүзеге асырылатынын айтты.

«Биылғы жылы “Қолғабыс” жобасының аясында көп балалы отбасылардан шыққан жұмыссыз ата-аналарға арнайы көмек көрсететін және балаларға техникалық, сондай-ақ кәсіптік білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, ағымдағы жылы облыста “Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту” бағдарламасы аясында 3 700-ден астам балаға, соның ішінде көпбалалы отбасынан шыққан балаларға 3,3 млрд теңге көлемінде техникалық және кәсіптік білім беру гранттары беріледі», -деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Түркістан облысында азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша атқарылатын жұмыстардың мұнымен шектелмейтінін атап өткен жөн. Еске сала кетсек, өткен жылы 2017-2021 жылдарға арналған , «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 69 682 адам жұмыспен қамтылған еді.  Сөйтіп, облыста жылдық жоспар 10,1%-ға артығымен орындалды.

Сондай-ақ, 1,160 адамға 6,2 млрд теңге жеңілдікті микрокредит беріліп, 44 097 адам жұмысқа орналастырылды. Және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 5440 адам жіберіліп, оның ішінде 4117 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындарына 4529 азамат жіберілді. Бүгінде солардың 2 818 –і тұрақты жұмыс орындарында жұмыс істейді. Бұдан басқа, жастар тәжірибесіне 4305 адам жіберілген.

Источник: Stan.kz