Түркістан облысындағы интернатта оқушыны бір жыл бойы зорлаған: күдікті ақталып шықты
Қысқа сілтеме алу
Зардап шеккен баланың адвокаты күдіктілердің жазадан құтылып кеткеніне қынжылады
АЛМАТЫ, 26 шілде — Sputnik. Түркістан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Жылға ауылындағы мектеп-интернатта оқушыны зорлады деп айыпталған сотталушыны ақтады, деп хабарлайды жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова.
Прокурор істің анық-қанығына жетіп, тергеу жүргізгенімен, алқа билер сотталушыны ақтап алды, деді Омарова Алматыдағы баспасөз мәслихатында.
«Судья алқа билердің шешіміне сүйенді. Екінші зорлықшыға келер болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа (14 жас — Sputnik) жетпегендіктен оған қатысты іс тоқтатылды», — деп атап өтті адвокат.
Омарованың сөзіне сүйенсек, Сарыағаш ауданы Жылға ауылындағы көршілес елді мекендердің балалары оқитын мектеп-интернатта оқушы бірнеше рет зорланған.
Тағы оқыңыз: Жынысын ауыстырған жігітті түрмеде зорлап тастады
«Бұл интернатта тұратын оқушылар бір жыл бойы жасөспірімді зорлап келген. Біреуі ересектеу, екіншісі баламен жасты», — дейді ол.
Оның айтуынша, айыпталушы кәмелеттік жасқа толмаған, он жетіде. Ал екінші күдіктінің жасы 13-те. Жәбірленуші бала да он үш жаста екен.
Омарова атап өткендей, бұл жасөспірім сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған жалғыз бала емес. Кем дегенде тағы бесеуі – бір ұл мен төрт қыз зорланған.
Адвокат БАҚ арқылы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа үндеу жолдады.
sputniknews.kz