Түркістан облысында жоғалып кеткен 3 жасар қыз анасымен қауышты — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысы Арыс ауданында үйден жалғыз шығып кеткен 3 жасар қыз анасымен қауышты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz ресурсының мәліметінше, 30 сәуірде күндізгі уақытта Арыс ауданы Монтайтас бекетінде төтенше жағдай режимін сақтау бойынша қызмет атқарып тұрған полиция қызметкерлері жолда жылап жүрген кішкентай қызды байқайды. 

Учаскелік инспектор полиция аға лейтенанты Батыржан Салыбаев оған қарай келіп, ата-анасының қайда екенін сұрайды. Нақты жауап ала алмаған соң, қызды өздерінің шатырларына апарып, дәрігерлерге тапсырады. Тәртәп сақшысы оның ата-анасын іздеуге кіріседі.

«Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық көшелер мен үйлерді аралап, көршілер мен өтіп бара жатқан адамдардан баласын жоғалтқандар жоқ па екенін сұрастырды. Осы уақытта бекетке жоғалып кеткен қызын іздеген Арыс қаласының тұрғыны, бір әйел келді», — деп жазды Polisia.kz.

Белгілі болғандай қыздың жасы — үште. Ол анасы үйде оқушы балаларымен сабақ оқып отырғанда шығып кеткен. Оның үйі бекеттен 300-400 метр қашықтықта орналасқан және кішкентай қыз жоғалғанын білген кезде, оны өздерінше іздеуге кіріскен.

Учаскелік инспектор Б. Салыбаев табылған қыз баланы тірі және сау күйінде анасына тапсырды.

Әйел Арыс АПБ-нің полицейлеріне жоғалған қызын табуға көмектескені үшін шынайы алғысын білдіріп, тәртіп сақшыларына табыс тіледі.

Анықталғандай, бұл — Б. Салыбаевтың тәжірибесіндегі жалғыз оқиға емес. Ол Шымкент қаласы Әл-Фараби ПБ-де учаскелік инспектор болып жұмыс істеген кезде, әріптестерімен бірге жоғалған кішкентай баланы анасына қайтаруға көмектескен.

Учаскелік инспектор ата-аналардан өз балаларына мұқият болуды және үнемі бақылап отыруды сұрайды.

stan.kz