Түркістан облысында тегін берілетін мектеп формасына қатысты шу шықты
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасын алу мәселесін көтерді. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әл-ауқаты төмен отбасыларға жыл сайын тегін берілетін киім-кешектің биыл берілмейтіні ата-аналардың ашуны тиді, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Көпбалалы аналар «баланы мектепке дайындауға қалтамыз көтермейді» деп шенеуніктерге келгенімен, олар жауапсыз қайтарған. Мектеп мұғалімдері көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға биыл мектеп формасы берілмейтінін айтқан. Есесіне, ата-аналарға әр балаға «осы киім үлгісімен киіну керек» деп шарт қойып, оның бағасына дейін жазылған прейскурант жіберген.
«Мектепке бірыңғай форма кигізесің. Біз айтқан үлгідегі форманы аласыңдар дейді. Менің ондай алатын жағдайым жоқ, қайдан алам? Төрт балам мектепке барады. Киім ала алмаймын. Есептесең, әрқайсына 50 мыңнан кетеді. Оқу жабдығымен қосқанда 400 мың ақша керек, мен оны қайдан аламын?», — дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Ғазиза Қожабердиева.
Қазір мектептерде дене шынықтыру сабағына ерекше басымдық берілгені белгілі. Осыған орай ата-аналарға кіші және үлкен командалардың спорттық костюмдерінің түсі әртүрлі болуы керектігі айтылыпты.
«Биыл мектепте дене шынықтыру сабағынан бөліп оқиды деген заң шығыпты ғой. Яғни, 4-сыныптан 8-сыныпқа дейінгі сыныптарда қыздар бөлек, ұлдар бөлек оқиды. 8 сыныпқа дейін қызыл түс кисін, 8-сыныптан жоғарыға қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Тамағын тауып бере алмай жатқан ата-аналар бар арамызда. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз», — дейді Ата-ана Ділнұр Кәрімбаева.
Аудан әкімінің айтуынша, осыған дейін мектеп формасымен қамтамасыз ету еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті болған. Ал қазір бұл кімнің мойнына жүктелгені түсініксіз.
«Жаңа ғана мектеп формасы бойынша білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Тегін мектеп формасы жетім балалар мен сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойдық», — деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.
Биыл мұқтаж отбасындағы оқушыларға дайын мектеп формасы емес, ақшалай ата-ананың есепшотына түседі.