Түркістан облысында суицид жасаған оқушы қыздың әкесі тың мәлімдеме жасады

0

2 маусым күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Көкарал ауылында 9-сыныпты бітірген Эльвира Мықтыбек өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болды. Арада 3 күн өткеннен кейін қарындасының өліміне қатысты Алматыда білім алып жүрген Эльвираның туған ағасы Нұрдәулет Мықтыбек әлеуметтік желілерге видео-үндеу жариялап, бұл істің әділ өтуін сұрады. Бұл туралы «Азаттық рухы» жазды.

Бүгін Эльвираның әкесі Ақылбек Тәліпбаев қыршындай кеткен қызының өліміне айыптылар анықталғанын қалап, істің алға жылжуы үшін журналистерден көмек сұрауға мәжбүр екенін айтты.

«Бүгін ДВД-ға бардым (Түркістан облысы Полиция департаменті — авт.). Кейбір куәгерлердің жауабы назарға алынбай жатқандықтан, істің әділ өтетініне күмәнданып, генералдың қабылдауына кірдім. Генерал Қайрат Дәлбеков бұл істің әділ, таза өтуіне сеп болуға уәде етті. Енді бәрі тергеушілердің істі адал соңына дейін жеткізгеніне байланысты. Себебі, бұл жерде бәрі ақшаға сатылуы әбден мүмкін. Қызымды өлімге жеткізген мектеп директоры жазадан сытылып кетуі мүмкін. Мен оның (мектеп директорының) білім саласынан, балалармен жұмыс істеуден аластатылуын қалаймын. Мақсатым сол», — деді Ақылбек Тәліпбаев.

Еске салайық, М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің директоры қызметін атқарған Айсара Стаева қыздың өлімінен кейін уақытша қызметінен шеттетілді.

«Ол уақытша шеттетілгенімен, ротация арқылы басқа мектепке жұмысқа орналасып жатқаны туралы сыбыс естіп отырмыз. Директор болмаса да, завуч (директордың орынбасары — авт.) болып, артынан іс жабылған соң, қайтадан лауазымды қызметке кіретіні белгілі ғой. Балалармен жұмыс істеуіне тыйым салынғанын қалаймыз. Іс әділ өтсін», — дейді марқұмның әкесі.

Ал аталған орта мектептің директоры Айсара Стаева болса, бұған дейін тілшілерге берген сұхбатында ешкімге қысым жасамағанын айтқан.

«Төраға ретінде маған орын берді, мен сол орында отырдым. Баланың төбесінен қарап, қасына барып ештеңе істеген жоқпын. Қысым? Қысым жасаған жоқпын.
…Енді біз бәріміз бүртүрлі жағдайда қалдық бұл жағдайды естігеннен кейін. Ауыр жағдай. Ол жазылған нәрсенің бәрі жала. Мен ол қызбен артық сөйлеген жоқпын, артық ол жерге барған жоқпын. Емтихан тапсыру барысында ол қызды көрдім, ары қарай мен ол қызды көрген жоқпын», — деген еді директор.

Алайда, марқұмның әкесінің айтуынша, Адами әлеуетті дамыту басқармасы зерттеу жүргізіп, берген анықтамасында директор тарапынан қысым көрсетілгені расталып отыр.

Полиция департаменті «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір бақилық болған мектеп оқушысының өліміне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.