Түркістан облысында шабуыл жасалған әкім орынбасарына қатысты тың деректер шықты — новости Казахстана

0

Төле би ауданында әкім орынбасарына шабуылдау бойынша атышулы іс қаралуы жалғасуда. Сот отырысында шабуыл шенеуніктің қомақты ақша сомасын қайтармағаны үшін жасалғаны анықталды деп жазады Timeskz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

timeskz/Әкімдіктің Facebook парақшасынан

Коллаж:timeskz/Әкімдіктің Facebook парақшасынан

Іс бойынша төрт адам айыпталып отыр.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде іс «Қасақана адам өлтіруден» «Бұзақылық, қару ұстау және сақтау» баптарына өзгертілген. Тұтқындалған күдіктілерге осы бап бойынша айып тағылған болатын.

Екі сот-медицина сараптамасы жәбірленушіге жеңіл жарақат келтірілгенін көрсетті. Әкім орынбасарын пневматикалық қарудан жаралаған.

Ауруханада оның жарасы танылған, ота қажет болмаған.

Алғашқы сот отырысында екі құрылыс фирмасының негізін қалаған тапсырыс берушіден жауап алынды.

Айыпталушының сөзінше, ол әкімнің орынбасарын жақсылап қорқытуға тапсырыс берген.

Мұндай қадамға баруына бірнеше 10 мың доллар көлеміндегі қарыз себеп болған.

Ер адамның анасы мектеп директоры қызметін атқарған. Ол пайыздық өсіммен ақша беретін әйелден қарыз алып, әкімнің орынбасарына табыстаған. Ақшаны қайтара алмаған анасының денсаулығы күрт нашарлап, ол қайтыс болған.

Айыпталушы қарызды өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған. Әкімнің орынбасары ақшаны қайтарудан бас тартқан.

Сонда ер адам қылмыстық әрекетке баруға бел буған.

Сенімді адамға 300 мың теңге беріп, қалған 700 мың теңгені шаруа аяқталғаннан кейін төлеуді уәде еткен.

Сот отырысында үшінші делдалдан жауап алынды. Оның сөзінше, ол тапсырысты орындауды екі туысқанына тапсырған.

«Өлтірмеңдер, қорқытыңдар дегенмін», — дейді айыпталушы.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 23 қазанында Төле би ауданының әкім орынбасарын атып кеткенін жазған болатынбыз. Тергеу барысында шабуыл тапсырыс бойынша жасалғаны анықталды.

Дереккөз: kaz.nur.kz