Түркістан облысында қорлық көрген үш қыз: Өгей ананың әкесі өз шындығын айтты – Қазақстан жаңалықтары

0
110

Түркістан облысының Жетісай қаласында болған жантүршігерлік жайт қазақстандықтардың жағасын ұстатты. Өгей ананың қыздарын қорлап келгені әшкере болғаннан кейін, тұтқындалды. Алайда оның әкесінің өз шындығы бар. Қызын ақтамайтынын айтқан әке кей нәрсеге көңілі толмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ERNUR.KZ басылымына сілтеме жасап.

Күдікті әйелдің әкесінің сөзінше, 2016 жылы қызын қазақы салт бойынша ұзатқан. Келесі жылында ол күйеуінің бірінші некесінен туылған үш қызды үйге алып келіп, таныстырған екен. Қызы оларды бағып-қағып отырғандықтан, оның отбасы да қыздарды қабылдаған екен. Алайда қария сол кездің өзінде қыздардың денесінде тыртықтар мен жараның іздері болғанын айтып отыр. Алайда олардан мән-жайды сұрамапты.

«Алғаш келгенде ешкімге қосылып ойнамайтын үш қыз кейін келе ұяңдықтарын қойып, әр аптада демалыс күндері келіп тұратын болды. «Ата біз үйге бармай-ақ осында қала салайықшы. Үйге анамыз келгенше біз ата-әжеміздің үйінде бөлек жүрдік. Үй шаруасын бәріміз бірге емес, тек біздер істейміз», – деген сөзінен секем алып қалып едім. Бірақ ақыр соңы мұндай болады деп еш ойламадым», – кейді күдіктінің әкесі.

Өз сөзінде қария қызын ақтамайтынын айтты. Оның да айыбы бар, деген әкесі оқиға болған күні қызының өгей қыздарына ұрысқанын растады. Алайда кемпірауызбен тілін қысып, тырнағының астына ине тығып, жауыздық жасамағанын жеткізді.

«Үйдегі құрал-саймандар отбасына ортақ дүниелер. Күйеу бала үнемі көшеде болған соң, үйдегі ер азаматтың майда-шүйде жұмыстарын әйел заты істемегенде кім істейді? Үйдегі күйген шамды да, үзілген тоқты да қызым өзі ауыстырып, сынған жиһаздарды да өзі жөндей беретін. Құдалар осының бәрін білетін. Енді бұл дүниелерді басқа мақсатта пайдаланып жатыр», – дейді қария.

Өгей ананың әкесі оқиғадан құлағдар болғаннан кейін ауруханаға барып, қыздардың жай-күйін білген. Сол кезде қыздар оған жүгіріп келіп, құшақтап алыпты. Алайда қария мән-жайды сұрағанда, олар ештеңе айтпаған.  
Сол кезде ауруханада құдағиы мен үлкен келіні де болыпты.

«Олардың орынына құдағи: «Сенің қызыңа шығарған шығынымды, той жасауға кеткен ақшамды әлі маған толық қайтаратын боласың. Бұл үшеуі мен нені айт десем соны айтады, не істе десем, соны істейді», – деді. Менен кейін үлкен қызым да, келінім де барды ауруханаға. Біра оларды кіргізбей жіберіпті», – дейді ол.

Сонымен қатар күдіктінің әкесі БАҚ өкілдеріне ренішін жеткізді. Айтуынша, олар оқиғаға тек біржақты қараған.

Оған қосы қария дау туындағаннан бері құдаларымен кездесіп, оқиғаның анық-қанығын білмек болыпты. Алайда құдаларының кездескісі келмеген көрінеді.

«Егер менің қызым олар айтқан қатыгездіктің бәрін жасап, дәлелін тауып жатса, тиісті жазасын алсын. Кінәсіз болса, үйде екі жасар баласы күтіп жүрген жүкті қызды босқа қинамай, босатса», – дейді күдіктінің әкесі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жетісай қаласында өгей ананың үш қызына қорлық көрсетіп келгенін хабарлаған едік.

stan.kz