Түркістан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасымен жол жөнделді
Фото: 1news.zp.ua
Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысында биыл мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен 165,1 шақырым жол жалпы жөндеуден өткен. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Оған республикалық бюджет есебінен 3 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал келер жылы өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 300 шақырымнан астам облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жасау жоспарлануда. Оған еліміздің қазынасынан 7 миллиард 528 миллион теңге қаралып отыр. Қазір бағдарлама аясында облыстың бірнеше аудандарында күрделі жөндеу, орта жөндеу және жолды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқын алған. Мәселен, Сайрам ауданы мен Шымкент қаласын байланыстыратын 9 шақырымдық автомобиль жолының құрылысын мердігер мекеме осы жылдың сәуір айында бастаған. Алдағы 2020 жылы толық аяқтап қолданысқа тапсыратын болады.
Мамандар аталған жолдың ені 5 метрге ұзарғанын айтады. Бұрын мұнда қарама-қарсы бағытта екі көлік өтсе, енді 4 көлік қатар жүре алады.
«2,6 шақырым жолдың бірінші қабаты төселген. Келесі жылға да істелетін жұмыстар бар. Теміржол өткелі де тұр. Оны біз келер жылға жоспарлап жатырмыз», — деді серіктестік басшысының орынбасары Әбжат Әкімов.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарлама аясында жолдарға республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, 165 шақырым автомобиль жолдарына қайта жаңарту, күрделі жөндеу, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Біз бірінші кезекте облыс орталығын және де туризм нысандарына баратын жолдарды жөндеп жатырмыз. Сайрам ауданында 2 жолымызда қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр және Түлкібас ауданында Түлкібас стансасынан Т.Рысқұлов ауылына баратын жолды да жаңартып жатырмыз», — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Роллан Ибрагимов.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ