Түркістан облысында мандолинде ойнайтын әнші әжей тойға шығып, ақша тауып жүр (видео)

0

Түркістан облысы Арыс қаласының тумасы Роза Сейітқазымова ерекше аспап мандолинде ән салады. Ешқандай музыкалық білімі болмасада, ән айтқанда жанын жеп айтатындардың қатарында. Тіпті өнеріне вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың өзі тәнті болып, батасын берген. Қазір де жасы жетпіске келсе де аспабын жаныннан тастамай той томалақтардың гүлі болуды әдетке айналдырып алған.

https://www.youtube.com/watch?v=fb-01l3yqGQ

«Әнді сүйсең менше сүй» деген қағиданы өмірлік ұстанымы еткен кейіпкер туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Роза Уасханқызы 1951 жылы Арыс қаласында дүниге келген. Жастайынан әншіліккке құмар болып, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған. Десе де, ол арманы қартайған шағында орындалыпты. Себебі, тұрмыс құрғанан кейін ата-енесі және жұбайы қарсы болған көрінеді. Мандолин, домбыра және гитара секілді аспаптарда ойнағанда жаным тынышталады дегенді жасырмайды.

«Мынау карантиге байланысты қазір онша сахна шықпай жатырмыз. Карантин болмай тұрғанда, осы Арыста небір жиындарға шақырып тұратын. Қазір ол жиындардың ешқайсысы болмай жатыр. Бірақ, той-домалақ болып жатыр ғой, сол тойларға барып жатырмын. Тойға ешқандай кесіліп қойған баға жоқ. Шақырған үйдің бергенін аламыз. Әзір көп сұрауға болмайды, жағдайға байланысты. Енді жасырмай айтатын болсам, кеше наурыз айында 10 үй шақырды. Аналар сөйлесе аналарға арнап өлең айтасың, әкелерге арнап айтасың. Достарға арнап, сол әулетке қыздар қыдырып келсе қыздарға арнап айтасың. Тақырыпқа бөліп тастағанмын», — деді әжей.

Танымал әншілерден өзін кем санамайтын бұлбұл апамыз тойдан бөлек Арыс қаласындағы мерекелік кештердің алдын бермейді. Жасы жетпіске толса да, көңілі жас баладай.

Осы орайда айта өтейік. Мандолина — шертіп ойнайтын шекті музыкалық аспап. 16 — 17 ғасырларда Италияда пайда болған. Мойны қысқа, шанағы жалпақ не болмаса жұмыр етіп жасалатын 2 түрі бар. Мандолинаның 8 шегі екі-екіден жұпталып 4 шек құрайды. Бұл аспаптың үні анық, жарқын естіледі.

«Арнайы оқығаным жоқ. Талант. Ән күйден беретін ағай үйреткен бірнеше өлең. Бірақ бұл аспапты әкем тартқан. Әкем осындай мандолин тарқан, сырнай тартқан. Сол қаннан келген шығар деп ойлаймын. Домбыра, гитара тартам. Бұл сегіз шекті сондықтан қиналасың. Сондықтан балаларым үйрене алмай жүр ғой. Ешқайсысы үйренбеді», — деді әнші апа.

«Менің мандолинімді уақытысында Шәмші Қалдаяқов ұстаған. Мен ол кісінің алдында өлең айттым. Менің қолымнан алып, Шәмші құлағын бұрап, өзі ән салып, осы мандолинді мен ұстадым енді мені көргендей болып ұстап жүр деді. Жақында ремонтқа бердім. Бұл мандолин тозып кеткен тұғын. Осы пәлен ақша беріп, қайтадан орнына келтірдік ғой енді. Ол кезде мен жетінші класста едім», — деді Роза апай.

Қазіргі уақытта өмірлік жарымен үбірлі-шүбірлі болып отырған әнші әжей күйбең тіршілікте тыным таппайды. Қолы қалт ете қалса, немерелерін жанына жинап алып, ақыл кеңестерін айтып отырады. Өмірдегі есліктерімен бөлісіп, барынша өнерге баулуға тырысады.

Ал карантинде қолымыз удай бос деп әзілдеп қоятын Роза апамыз көршілес құрбысын шақырып өткен-кеткенді еске түсіріп отыруды жиі әдетке айналдырған. Құдды бір 18 жасар құрбылар секілді әңгімелерін ешкім естімейтін бөлмеге барып айтады. Осылай сырласқанан кейін бір жасарып қаласын дейді.

«Бірінші Тұрсынбек Қабатов бұл кісіні сыртқа шығарып, жарық дүниеге көрсетіп. Оның алдында тойларда ауыл арасында жүрген еді бұл. Кейінен Конгресс холлда өлең айтқаннан кейін бүкіл Қазақстанға танымал десем өтірікші емеспін. Өткенде бір курортқа бардық екеуміз. Жұрттың бәрі келіп, аяғына жығылмасада қолын алып сүйіп, Ойбай Роза апа, Роза апа деп жатыр. Сол кезде мен айттым, әй Роза-ау біздің Арысымызда жүріп әшейін сен құрып жүр екенсің ғой. Жұртқа танымал екенсің ғой деп күлдім. Келгеннен кейін қатар құрбыларыма айттым, әй бұны біз баяғы Роза демейік бұны, жұлдызымыз деп көтермелейік деп әзілдеп айтқанмын», — деді құрбысы Күлзина Исхақова.

Сондай-ақ, Роза Уасханқызы күн ара ардагерлер үйіне барып, қатарластарымен жолығып тұрмаса көңілі көншімейді. Карантинде көрермен қошеметін сағынып қалған әнші апамыз, 3-4 замандастарының басын қосып, кішігірім концерт өткізеді.

Сонау Шәмші Қалдаяқовтың батасын алған Роза Сейітқазымова мандолина аспабын тартатын жастардың жоқтығына іштей қыжылады. Сондықтан үйренемін деп талпыныс білдіргендерге үйретуге дайынмын дегенді алға тартады. Себебі, ерекше музыкалық аспап ұрпақтан-ұрпаққа жетуі керек деп санайды.