Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар бір ауданда тұрады

0

Түркістан облысында бес адамнан коронавирус анықталды. Өңірге індетті Нұр-Сұлтан мен Алматыда іссапарда болған адамдар алып келген

АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бес азамат та бір ауданның тұрғыны. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бірінші науқас Жетісай ауданының тұрғыны. Әйел 23 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан іссапардан келген. 27 наурызда ыстығы көтеріліп, 30 наурызда ауруханаға жатқызылды. Сынамалар алынды, нәтижесі оң болып шықты», – деді Нышанов.

Науқаспен қарым-қатынаста болған үш адам оқшауланған, сынама алынған. Нәтижесінде олардың да инфекция жұқтырғаны анықталды.

«Пойызбен барған»: Түркістан облысында коронавирус табылған науқас бірнеше қалада болған

Айта кетейік, науқас 21 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар-Қызылорда бағытындағы пойызбен Қарағандыға барып, 6 сағаттай сол жерде болған. Петропавл-Қызылорда бағытындағы пойызға отырып, Шымкентке келген. Әрі қарай Жетісай қаласына көлікпен жолға шыққан.

«Төрт жағдай да бір ошақтан тіркеліп отыр. Бесінші науқас та осы ауданның тұрғыны, ол Алматы қаласында іссапарда болған. Сынама алынып, түнде талдау нәтижесі вирус жұқтырғанын анықтап отыр. Тіркелген ошақтарда жұмыстар жүргізіліп, зарарсыздандырылды», – деді ол.

Байланыста болған адамдар анықталып, қазіргі уақытта 41 адам карантинге алынды. Олардан сынама алынды.

Айта кетейік, Түркістан облысында бес адамнан коронавирус анықталды. Қазақстанда науқастардың саны 369-ға жетті.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз