Түркістан облысында көлік жылқыны соғып, үш адам ажал құшты (видео)

0
5765

Полицейлердің айтуынша, көлік жүргізушісі түрлі дене жарақатымен Шымкент қалалық ауруханасына жеткізілген

Түркістан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қайтыс болғандар – бір отбасының мүшесі.

Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиға 3 сәуір кешкі сағат 20:30 шамасында Самара – Шымкент тас жолы бойында болған. Шымкент тұрғыны «Tayota Camry 50» маркалы көлігімен Түркістаннан Шымкентке қарай келе жатқанда жолдың сол жақ бетінен шыққан жылқыны қағып кеткен.

«Жол апаты салдарынан ерлі-зайыптылар мен бір жасөспірім, яғни олардың немересі қайтыс болды. Ал көліктің жүргізушісі түрлі жарақатпен Шымкент қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Ол қаза болған ерлі-зайыптының күйеу баласы», – деп хабарлады полиция.

Аталған жайтты Ордабасы аудандық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тіркеуге алды.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.