Түркістан облысында кірістер департаменті І 128,9 млрд теңге қаржы өндірген
2018 жылғы 12 желтоқсан 23:51 27
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Түркістан облысының Мемлекеттік кірістер департаменті жыл басынан бері 11 айда 128,9 млрд теңге қаржы өндірген. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еркін Елшібековтың айтуынша, комитет құзыретіне кіретін түсімдердің өсу қарқыны 17,2 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде, республикалық бюджет — 14,1 млрд теңгеге, жергілікті бюджет түсімдері — 3,1 млрд теңгеге өскені байқалады.
«Ағымдағы жылдың 5-ші желтоқсанында жинақталған мәліметке сәйкес, жыл қорытындысымен республикалық бюджет жоспары 5,9 млрд теңге артығымен орындалады деп болжамдалып отыр. Сондай-ақ, жалпы жергілікті бюджеттің жоспары 100,5 пайыз орындалады деп межеленуде», — деді Еркін Елшібеков.
Сондай-ақ, өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бойынша негізгі жұмыстар қызметтің электронды форматта көрсетілуіне бағытталып отыр. Атап айтқанда, «Электрондық үкімет» веб-порталы мен «Салық төлеуші кабинеті» веб-қосымшасы жүйелерінің жұмыс жасауы электронды түрде қызмет алудың үлесін айтарлықтай арттырып отыр.
«Электронды түрде қызмет алуға арнайы барлық аумақтық басқармалар ғимараттарында және ауылдық әкімшіліктерде «Салық төлеуші терминалы» орнатылған. Ал, электронды түрде қызмет алуға мүмкіндігі жоқ салық төлеушілер аумақтық кірістер органдарына барып, барлық аумақтық басқармаларда жұмыс жасайтын «Ақпараттарды қабылдау, өңдеу және беру» орталықтарынан қызмет алуына болады. Бұл жерде де сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін «Бос терезе» қағидасымен қызмет көрсету қарастырылған», — деді департамент басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, қазіргі таңда кез келген салық төлеуші азамат аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларына салықтың есептелуі, төленуі, жер, мүлік және көлік салықтары бойынша «WhatsApp» мессенджері арқылы сұрақ қойып, ақпарат алуына мүмкіндік жасалған. Аталған қызметті пайдалану үшін дүйсенбі-жұма күндері сағат 09-00 бен 18-30 аралағында 8 771 898 9255 нөміріне сауал жолдайды. Бұдан өзге, www.kgd.gov.kz интернет ресурсы және «Электронды үкімет» порталы «Салық берешектің жоқтығы туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режімінде ЖСН бойынша салық берешектің бар-жоқтығы жайлы ақпарат алуларына болады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz