Түркістан облысында карантин режимі 8 маусымға дейін ұзартылды

0

Карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынып, ал заңға бағынбаған кәсіпкерлерге жаза қолданылады

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі 8 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев онлайн брифингте айтты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Осыған орай өңірде бірқатар шектеулер сақталады.

«Ауа арқылы тез тарайтын бұл дерттің әзірге нақты вакцинасы жоқ. Өкінішке қарай, COVID-19 инфекциясының барына күмән келтіретін адамдар көшеде қыдырып, туған-туысының үйіне барып жүр. Балалар да аулада бірге ойнап, бір-бірімен тығыз байланыс жасауда. Бұл дұрыс емес», – деген облыс әкімі дәрігерлер қауымының күн-түн демей вирусты жеңу жолында талмай еңбек етіп жатқанын атап өтті.

Қазіргі кезде індет облыс көлемінде, әр ауданда кеңінен тарап жатыр.

«Отбасымыздың, туған-туыстың, ата-анамыздың амандығын ойласақ әлі де карантин режимін сақтауымыз қажет. Карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынады. Құқық қорғау органдарына арнайы жиналыс жасап, тапсырдым. Заңға бағынбаған кәсіпкерлерге жаза қолдану керек», – деді Шөкеев онлайн брифинг барысында.

Айта кетейік, облыста 337 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Оның ішінде 189 адам ауруынан айығып, үйлеріне оралды. Бір адам індет салдарынан көз жұмды.

Түркістан облысындағы карантин режимі

12 мамыр күні Түркістан облысында карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылғанын облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Осыған орай, қоғамдық және демалыс орындары, саябақтар жұмысын бастағанымен, спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілмейді. Азық-түлік базарларының жұмысы таңғы сағат 10.00 мен кешкі 17.00 арасында жалғасса, киім-кешек, өзге де заттар сататын дүкендер дезинфекция жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізе отырып, таңғы 9.00-20.00 аралығында істейді.

Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 50 проценті жұмысты қашықтықтан жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев карантин жайлы: халық біртіндеп үйінен шығуы керек

Халыққа қызмет көрсету қызметі орталығы мен екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» бөлімшелері қазіргі таңда жұмысын бастады. Демалыс орындары, қонақ үйлер, туристік нысандарға санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда жұмысын жүргізуге рұқсат етіледі.



sputniknews.kz